Құқық қорғау органдары

Қаржы полицейлері біліктілік сынағынан өтіп жатыр



 

Кезектен тыс аттестацияның өңірлік кезеңінде қаржы полициясының 120 қызметкері сынақтан өтеді. Оның өзі бірнеше кезеңнен тұрады. Бүгін қаржы полицейлері дене шынықтыру нормативтерін тапсырып жатыр. Ерлер 100 метр, ал әйелдер 60 метр қашықтыққа жүгіріп, төзімділіктері сынға түсетін күш жаттығуларын жасаулары тиіс.

Назгүл Ганке, СҚО бойынша экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бөлім бастығы:
Осыдан кейін тамыздың тоғызы қызметкерлер психологиялық тест тапсырады, ал 13 тамыз күні атыс дайындығы бойынша сынға түседі. 15-16 тамызда полицейлердің заңдарды білу деңгейлері тексерілсе, тамыздың 20-21 – олар кеңесуге шақырылады. Сонымен тамыздың 24-не дейін аттестацияны толық аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Бұл сынаққа қаржы полицейлері тыңғылықты дайындалған көрінеді. Өйткені, оның қорытындысы бойынша өз қызметіне лайықтары ғана қатарда қалады. Емтиханнан сүрінбей өткендерді комиссия мүшелері лауазымын көтеруге ұсынуы мүмкін. Ал кәсіби біліктілігін дәлелдей алмағандар өзге қызметке ауысады, не болмаса  тіпті жұмыстан шығарылады.

Нұрлан Жахин, СҚО бойынша экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы:
Құқық қорғау органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау мемлекет басшысының жарлығымен өткізіліп жатыр. Бұл жұмыстың нәтижесінде құқық қорғау органдарының құрамы жаңарып, адал қызмет етуге бейім, кәсіби біліктілігі жоғары, талапқа сай мамандармен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

Айымгүл Әбілева