Спорт

«Қызылжар» жанкүйерлерін қуантты

 

 

 

Жергілікті футболшылар өткенде «Астана» құрамасымен ойнап жеңіліп қалған болатын. Дайындықтарын пысықтап алған қызылжарлықтар өз алаңында «Екібастұз» командасын қабылдап, жеңетіндеріне нық сенімді болды. Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ алаң иелері қарсыластарына осал еместіктерін танытып үлгеді. Тартыстың 18 минутында шабылдаушы Артем Дели қарсылас команданың қақпасына гол соқты. Осылайша, біздің аяқ доп шеберлері бірінші болып есеп ашты. Тартысты додада Екібастұз командасының футболшылары ойын ережесін бұзды. Сөйтіп, алаң иелері қарсыластарының қақпасына 11 метрлік жерден гол соғу мүмкіндігін алды. Денис Щеткин өзіне берілген мүмкіндікті мүлт жібермей, ойынның 21 минутында екібастұздықтардың қақпасына екінші голды енгізді. Ал жерлес команданың жанкүйерлері аяқ доп шеберлерін барынша қолдап жатты.
Ойынның екінші таймында қарсылас команда да осал еместіктерін таныта білді.Жергілікті алаң иелеріне бағытталған допты қызылжарлық қақпашы қайтарумен болды. Бірақ ойынның 65 минутында екібастұздық Қуаныш Бегалин алғашқы голды соқты. Бұдан кейін екі жақ қаншалықты тырысқанымен есеп еселенбеді. Сөйтіп ойын 2:1 есебімен аяқталды. Қызылжарлықтардың пайдасына. Енді жергілікті ойыншылар 26 тамызда “Қарасай” стадионында Шымкент қаласының “Биік” командасын қабылдамақ.

Гүлбану Ахметова