Ауыл шаруашылығы

Фермерлер мал өсірудегі жаңа технологиялармен таныстырылды



 

Елімізде өткен жылы ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған жоба жүзеге асырыла басталған болатын. Осының негізінде сыртқа шығарылатын сиыр етінің көлемін 2016 жылға дейін 60 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. “Қазагромаркетинг” АҚ-да құрылған мал шаруашылығы консалтингінің өкілдері енді жер-жерді аралап өңірлердегі жағдайды байқауда. Ғалымдар біздің облыстың мүмкіншілігі зор дейді. Өйткені жайылым жеткілікті, табиғат қолайлы. Семинардың практикалық бөлігі “Щеглов” шаруа қожалығында өтті. Мұнда барлығы 505 қазақтың ақ бас сиыры бар. Оның 49-ы бордақылауға қойылса, қалғаны жайылымда жүр. “Қазагромаркетинг” АҚ-ң өкілдері осы шаруашылықтың негізінде өзге фермерлерге етті малды жайып семірту мен бордақылау технологияларын таныстырды. Ветеринар мамандар дені сау, етті адал мал өсіру үшін вакцина егу жүйесін түсіндірді. Сондай-ақ, астаналық ғалымдар жергілікті фермерлерге заманауи құрылғылардың мүмкіншілігін көрсетті. Соның бірі- ветеринарларға аса қажет құрал – ультрасонограф деп аталады. Мұның көмегімен сиыр, жылқы және түйенің жыныстық ауруларын және буаздығы тексеріледі екен. Профессор Қабыл Исабеков жергілікті шаруаларға құны 1,5 млн теңге тұратын ультрасканерді сатып алса, өкінбейтіндіктерін айтты.
Алексей Вишневскийдің шаруа қожалығы 2 жыл бұрын ғана құрылыпты. Шаруашылықта 40 бас ірі қара малы бар. Шаруа иесі аналық санын көбейтпекші. Осы орайда “Сыбаға” мемлекеттік бағдарламасы бойынша асыл тұқымды 4 бұқа алған. Алексей Вишневский мұндай ауқымды шаралардың мал өсіруді жаңа ғана қолға ала бастаған шаруалар үшін керек екенін айтады.

  Алексей Вишневский, “Вишневский” ШҚ бастығы:

– Біз мұнда теориялық және практикалық тәжірибе жинақтадық. Бұл әдістерді алдағы уақытта міндетті түрде қолданамыз. Әсіресе, мені малдың азығы мен ұрықтандыру тәсілі қызықтырды.

Соңынан семинарға қатысушыларға сертификаттар табыс етілді. Бұдан кейін “Қазагромаркетинг” АҚ өкілдері қостанайлық фермерлермен кездеспек.

Данаш Хамзина