Аптадағы маңызды жаңалықтар

Теміржолшылар күні атап өтілді



 

 

Тамыз айының бірінші жексенбісі – Теміржолшылар күні. Бұл мейрам «Жастар» стадионында жылдағыдай той-думанмен аталып өтті. Мереке қазақтың ұлттық биімен ашылды. Петропавл темір жол бөлімшесі қызметкерлерінің қуанышына облыс әкімі Серік Біләлов те ортақтасты. Өңір жетекшісі құттықтау сөзінде Оңтүстік Орал темір жолының экономикалық маңызы мен теміржолшылардың ауыр да жауапты еңбектерін ерекше атап өтті.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:

-Петропавл темір жолының елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесі зор. Бұл кәсіпорын Қазақстан мен Ресей арасындағы достық көпірі іспеттес. Бөлімшенің кәсіби мамандарының арқасында жыл басынан бері жүк айналымы 17,8 млрд теңгені құрап отыр. Жолаушылар тасымалдау 98 пайызға орындалған.

Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа темір жол станцияларын салу мен жаңғыртуға баса мән беріледі деді облыс әкім Серік Біләлов. Поездардың қауіпсіздігі мен қызмет көрсету сапасы жылдан-жылға артуда. Жуырда ғана “Алматы-Петропавл” бағытындағы “Жетісу” жүйрік поезының іске қосылуы соның бір айғағы болмақ.
Енді, табысты жұмыс пен жолаушының көңілінен шығу тағы да теміржолшылардың еңбегіне байланысты.
Облыс әкімі Серік Біләлов ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан әрі теміржол саласын дамытуға қомақты үлес қосқан Оңтүстік Орал темір жолының бір топ  қызметкерлерін Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапаттады.

Борис Крих,  Петропавл теміржол бөлімшесі жобалау-сметалық тобының бастығы:

– Мен бақытты адаммын! Өмір бойы сүйікті ісіммен айналысып келемін. Бүгін ерекше күн. Менің және ұжымның еңбегі осындай жоғары деңгейде аталып өтілгеніне шексіз ризамын. Барлығыңызға рахмет.

Бұдан кейін Петропавл теміржол бөлімшесінің бастығы Петр Мелашенко да өзінің үздік қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, игі тілектерін арнады.
Салтанатты шара бұдан кейін мерекелік ән-шашуға ұласты.

Данаш Хамзина