Бизнес және экономика

“ЗИКСТО” зауытында жыл аяғына дейін 200 вагон құрастырылмақ

 

 

Қазірде зауытта жұмыс қызу жүріп жатыр. Күніне екі астық тасымалдау вагоны құрастырылады. Бұл жұмыстың басы-қасында жүрген 100 адам тапсырысты уақытында және сапалы орындау үшін тынымсыз еңбектенуде.

  Қайрат Өстеміров, “ЗИКСТО” АҚ вагон құрастыру цехы бастығының орынбасары:
– Цехтағы жұмысшылар төрт ауысымда жұмыс істейді. Вагондарды құрастыруда қазіргі заманғы технологиялар пайдаланылады. Биыл жаңа қондырғылар сатып алдық. Алдағы уақытта цехты кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Тапсырыс бар. Енді жұмыс істейміз.

Жыл аяғына дейін зауытта 200 вагон құрастырылмақ. Тапсырысты “Қазақстан теміржолы” ұлттық компаниясының құрамындағы “Қазтеміртранс” АҚ берген. Келісім 3 млрд. теңгені құрайды.

Валерий Спицын,  “ЗИКСТО” АҚ бас директорының орынбасары:
-Бүгінгі күні екі астық тасымалдау вагонын сынақтан өткізу үшін жөнелттік. Жыл аяғына дейін жоспарды толық орындаймыз. Бұл тапсырыстың біз үшін маңызы үлкен. Өндірісті арттырамыз, жаңа жұмыс орындары құрылды. Жоба үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.  

Келесі жылы 300 астық тасымалдау вагонын шығару жоспарланыпты. Бұған қоса бағдарлама аясында зауытта контейнер тасымалдау вагондарының өндірісі де жақсы жолға қойылған. Өткен жылы кәсіпорынның өндіріс көлемі – 10,4 млрд. теңгеге жеткен. Биыл да мұндағылар осы межеден түспеуді көздеп отыр.

 Айымгүл Әбілева