Ауыл шаруашылығы

Петерфельд селосында элеватор-диірмен жабдықтарын шығаратын зауыт тұрғызылып жатыр

“Zherdan” ЖШС елдегі элеватор салатын бірден-бір кәсіпорын. Зауытта, сондай-ақ, астық қабылдау орындары мен диірмендерге қажет қондырғылар жасалады. Кәсіпорын директоры Шамель Елтайұлы кеңес уақытынан қалған станоктардың ескіргенін айтады. Өнімділігі төмен, шығыны да көп. Сол себептен, іскер қордағы құрал-жабдықты жаңартуға бел буған.

“Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы аясында “АТФ” банкі арқылы 97 млн теңге несие алыпты.

Шамель Хасенов,  “Zherdan” ЖШС директоры:

Жылдық үстемеақы – 12 пайыз. Несиенің 7 пайызы республикалық бюджеттен төленсе, қалған 5 пайызын біз өтейміз. Мұндай мемлекет қолдауы – кәсіпкерлердің өз ісін дөңгелетіп алуына тамаша мүмкіндік.

Серіктестік директоры Шамель Хасенов бұл қаржыға бірнеше заманауи станоктар сатып алыпты. Жаңа станоктар Петерфельд селосында салынып жатқан элеватор-диірмен жабдықтарын шығаратын зауыттың құрылысына жұмылдырылған. Табыскер мұндай мүмкіншіліктің арқасында бір жылғы өндіріс көлемін, әдеттегідей, 200 млн теңге емес, енді екі есеге өсірмекші. Алдағы уақытта, зауытқа жұмысшыларды тасымалдайтын 2 автобус алу үшін тағы “Бизнестің жол картасы” жобасының көмегіне жүгінуді көздеп отыр.
Жалпы  жыл басынан бері аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысында барлығы 53 тапсырыс құпталған.

Ольга Цымбалюк, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім бастығы:

– Кәсіпкерлердің 51 өтініші несиені субсидиялауға қатысты болса, 2-уі несиені кепілдеуге қатысты. Автомобильмен жүк және жолаушы тасымалымен айналысатын азаматтардан ең көп өтініш түсті. Сосын тамақ өнімдерін өндіретін және жиһаз жасайтын іскерлерден өтініш бар.

Өңірге республикалық бюджеттен аталған бағдарлама аясында бөлінген 928 млн теңгенің бүгінде тең жартысы игерілді.

Данаш Хамзина