Бизнес және экономика

Мемлекеттік бағдарлама бойынша еңбекпен қамтылғандар



 

Әлия Шопанова жарты жыл бұрын жұмыспен қамту бағдарламасының арқасында осы зауытқа орналасты. Қазір қозғалтқыштарының гүрілдеген дыбысын басуға және электр сымдарын ұзақ сақтауға қажетті оқшауланған миканит әзірлейтін цехта желімші қызметін атқарады.

 Әлия Шопанова, “Изолит” ЖШС қызметкері:
– Осында жұмыс тапқаныма өте қуаныштымын. Әріптестерім жақсы. Жалақысы жаман емес. Еліміз гүлдену үшін жастар еңбектенуі қажет. Елбасы бұны әрдайым қолдап көмектеседі.  

Биыл ғана бағдарлама аясында кәсіпорынға барлығы екі қолға бір күрек таба алмай жүрген 13 адам жұмысқа тұрған екен. Олар Тамара Рыбакованың қарамағында жаңа мамандықтарының қыр-сырын меңгеріп жатыр. Зауытта 45 жылдық еңбек өтілі бар білікті маман ізбасарларына табыс көзі еңбекте екенін іс жүзінде көрсетіп жүр.

Тамара Рыбакова, “Изолит” ЖШС аға желімшісі:
– Сөздің шыны керек жұмыс жеңіл емес. Желімдеуші қыздар жұмыстың көп бөлігін қолмен жасайды. Бұл үлкен шыдамдылықты талап етеді. Жастың аты жас енді келген мамандар бірден бейімделіп кетеді. Өзім бас-көз болып жүрген мына соңғы лек өте еңбекқор, кеңесімді тыңдап тез ұғып алады.  

Бүгінде “Изолит” серіктестігі облысымызда қарқынды дамып келетін кәсіпорындардың қатарында. Жыл сайын өндіріс көлемі мен өнім сапасы артуда. Былтыр ғана зауыттықтар 274 млн теңгенің 40-тан артық өнім түрлерін шығарыпты. Қазір Қазақстанмен қатар Ресей, Беларусь, Украина елдерінен тапсырыстар түсіп жатыр екен. Сондықтан жаңа жұмыс күші қашанда артық болмайды.

Нина Лебедева, “Изолит” ЖШС кадрлар бөлімінің бастығы:
Бізде жұмыс күші жеткіліксіз болды. Қазір мұндағы өндіріске тартылған 209 адамның тұрақты табыс көзі бар. Оның 45і жас маман. Бәрін алдымен өзіміз оқытып алдық. Тәжірибелі қызметкерлердің көмегімен тез үйреніп кетті. Жуық арада әрбірінің еңбек дәрежесі көтеріліп, разряд беріледі.

Кәсіпорын алдағы уақытта өзге елдермен де әріптестік орнатуға әзір. Зауыт басшылығы көптеген шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізу үстінде. Бұл тағы еңбек етуден қашпайтын біршама жасқа жұмыс орнын табуға септеспек.

Жеңіс Ермұқанов