Спорт

«Қызылжар» «Астанадан» жеңіліп қалды


 

Жергілікті “Қызылжар” ФК өз алаңында «Астана – 1964» командасын қабылдады. Қонақтар осал емес. Турнир кестесінде 3-сатысына мықтап тұрақтаған елордалық аяқ доп шеберлері қарсыласынан 11 орынға жоғары тұр. Десе де жергілікті жігіттер оңай жаңылар жаңғақ емес екендерін ойын басынан танытпаққа әрекет етті. Алайда біршама өткір шабуылдар  тас қамалдай қорғанысты бұзуға жеткіліксіз болды. Өстіп қарқындары су сепкендей басылып талпыныстары зая кетіп отырды. Есесіне қарымтаға көшкен астаналықтар қақпа кілтін бұрын ашты. Алғашқы кезектің соңында жартылай қорғаушы Марат Есқұлов «Қызылжардың» қақпашысын қапыда қалтырды.

Екінші тайымда ойын тізгінін жергілікті аяқ доп шеберлері өз қолдарына алуға жанталасқан еді. Ойын өз өрнегін құрып арна бұрылғандай болды. Тіпті ала допты ұршықтай иірген қақпа саңылағы табылды. Әттеген-ай мүмкіндік саналмады. Қапталдағы төреші ереже бұзылғанын тіркеді. Өстіп кездесу нүктесі 1:0 есебімен қойылды. Кезекті үш ұпай уыстан шықты. «Қызылжар» ойыншыларының жаңа бапкері Николай Стоякин жалпы ойынның өту барысы мен алдағы маусымға деген жоспарларымен бөлісті.

  Николай Стоякин, «Қызылжар» ФК бас бапкері:
– Әзірге командамен танысып жатырмын.
Ең алдымен, жігіттерге психологиялық тұрғыда қолдау керек сияқты. Меніңше, алдағы уақытта бізде бәрі қалпына келеді. Басты мақсатымыз – өзіміз деңгейімізге сай кем дегенде 6-орынға көтерілу.

«Қызылжар» құрамасы енді ойын алаңында 6 тамыз күні «Екібастұз» командасымен кездесетін болады.

Әспет Әбдірешова