Спорт

«Әліби» астық холдингі ұжымдарының арасындағы спорттық жарыс


 

Мироновка ауылында Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Ақмола облыстарынан барлығы 20 құрама тартысқа түсуге жиналды. Спорт алаңдарының жанына қаз-қатар киіз үйлер тігіліпті. Бұл ауылға үш күнге «Әліби» холдингінің қызметкерлері мен жұмысшылары тұрақтады. 30 адамнан тұратын әр құрама бір серіктестіктің намысын қорғады. Сайыс спорттың үш түрі – футбол, әйелдер және ерлер арасындағы волейбол ойындары бойынша өтті.

Қанат Ерболов, сайыстың бас төрешісі:

-Әсіресе, «Әліби-Есіл», «Червонное-АГРО» құрамаларын атап өткім келеді. Олардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа көп көңіл бөлетіндіктері көрініп тұр.  

«Әліби» холдингінде мұндай спорттық мереке жылда өткізіледі. Бұл кездесу 14-ші.

Нұрлан Тілеубаев, «Әліби» холдингінің президенті:

-Спортты қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де дамыту Елбасының тапсырмасы. Біздің бұл бағытта жұмыс жасап жүргенімізге 14-ші жыл. Мұнда 20 шақты отбасы бар. Осында танысып, отбасын құрып жатқандар да жоқ емес. Негізі, ауылдың болашағы бар екендігі көрініп тұр.

Еліміздегі ірі аграрлық компания өңірімізде астық өсіреді. Холдингтің егіс алқаптары айтарлықтай және жүздеген солтүстікқазақстандықтың әл-ауқаты оның қызметіне байланысты.

Иван Турков, Тайынша ауданының әкімі:

-Ауданның әлеуметтік және экономикалық өмірінде «Әліби» холдингі маңызды орын алып отыр. Оның қарамағында 80 мың гектар егістік жер бар.  Жаңа агротехнологиялардан құралған «Тайынша-2006» элеваторы да жұмыс істейді. Ол 118 мың тонна астықты сақтай алады. Қарамағында 740 адам жұмыс істейді. Қуантарлығы, жалақы төлеуден еш қиындық жоқ. Айлықтарын жұмысшылар ауқтылы алып тұрады.

Тартысты сайыстардан кейін қорытынды шығарылды. Футбол ойынында және жалпыкомандалық есепте Ғ.Мүсірепов ауданы Бірлік ауылынан келген «Әліби-Есіл» ЖШС-нің құрамасы үздік деп танылды. Жеңімпаздар сыйлықтарға ие болды.

 – Тек еңбек қана емес, спорт та адамды әрлендіре түседі. Бас кезінде қиын болды, әрине. Кейін үйреніп кеттік. Қазір бала-шағамызбен ойнаймыз. Бүгін де алаңға бәріміз бірге шығып кеттік.

Осылайша спорт және денсаулық мейрамы аяқталды. Енді, барлығы алдағы сайыстарға дайындалмақ. Келесі спорттық мереке Ақтөбе облысындағы «Әліби» шаруашылықтарының бірінде өтеді деп жоспарланып отыр.

Материалды «Қазақстан-Петропавл» арнасының тілшілері әзірледі