Құқық қорғау органдары

Пәтер ұрысы ұсталды

 

 

Маусым айының ортасынан бері қалалық ішкі істер басқармасына облыс орталығындағы пәтер иелерінен үйлерінің тоналғаны туралы бірнеше арыз түскен. Ұрлықтардың бәрі түске дейін, яғни, баспана иелері жұмыста болған уақытта жасалған. Қылмыскерлер пәтерге терезе арқылы кіріп, негізінен ақша, алтын бұйымдар және ұялы телефондарды олжалап отырыпты. Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында тіркеуде тұрған маскүнем, нашақорлар мен осыған дейін істі болған тұлғалар тексерілді. Нәтижесінде бұл қылмыстарға күдікті ретінде облыс орталығының 38 жастағы тұрғыны ұсталды.

Юрий Клыков, СҚО ІІД-нің қызметкері:

-Қазіргі кезде ер адам қамауға алынды, ұрлық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Сонымен қатар сезіктінің басқа да осы тәрізді қылмыстарға қатыстығы тексерілу үстінде.

Бұрын бірнеше рет сотталған ер адам еш жерде жұмыс істемейтін болып шықты. Өзі нашақор. Үстіміздегі жылдың сәуір айында ғана соңғы жазасын өтеп шыққан екен. Тергеу амалдарын жүргізу барысында күдіктінің алты бірдей үйді тонағандығы анықталды. Ұрланған заттарды ол қаладағы алтын қабылдайтын орындар мен таныстарына саудалаған.

Әспет Әбдірешова