Қоғам

Өңірде запастағы офицерлер әскерге шақырылып жатыр



 

Еліміздің Қарулы Күштерінің қатарында әскери қызмет атқару – әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы саланалады. Қазақ әскерінің біліктілігі мен сапасын арттыру мақсатында биыл запастағы офицерлер қатарын толықтыру көзделіп отыр. Бүгінде келісім шарт бойынша қызмет атқаруға облысымыздан 47 запастағы офицер іріктеліп алынған. Олар әскер қатарына қазан айында, тексеру комиссиясынан өткен соң шақыртылмақ.

Сағындық Сүлейменов, СҚО Қорғаныс департаменті директорының орынбасары:

– Олар қазан айында емтиханнан өтіп,кімнің өткені белгілі болады. Ең бірінші денсаулығына, екінші біліміне қарап іріктелінеді.

Сыннан өткен офицерлер Қарулы күштер қатарына қабылданады. Қазіргі таңда әскери кафедраны бітірушілер де келісім-шарт бойынша қызмет етуге ниет білдірген. Үстіміздегі жылы күшіне енген өзгерістерге сәйкес, бұдан былай жоғары білім алу кезінде әскери кафедраға барып жүрген студенттер «лейтенант» шенін алып шығады.

Сағындық Сүлейменов, СҚО Қорғаныс департаменті директорының орынбасары:

-Бұл істі жүргізіп жатқан бір жағы – әскери кафедраны бітірген студенттерді жұмысқа орналастыру үшін.  

Үстіміздегі жылы республика бойынша барлығы 179 запастағы офицер әскерге шақыртылады. Олардың 100-ге жуығы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің шекара бөлімдерінде қызмет етпек.

Әсел Күшенғалиева