Энергетика

Өнеркәсіп аймағында жаңа қосалқы станция салынып жатыр



 

Әуезов көшесінің бойында орналасқан стансаның қуаттылығы 10 мың килоВатт. Мұндай ірі бекет қалада бірінші рет салынып отыр. Аралық станция отандық өнім болып саналады. Ішіндегі ұяшықтар Өскеменде шығарылыпты, десе де Еуропалық стандартқа сай дейді мердігер компанияның атқарушы директоры Николай Пан.

Николай Пан, “Фирма Элстрой” ЖШС атқарушы директоры:

-Мұнда келген 10 килоВольт қуат 22 ұяшықта қабылданып, қайта өңделеді. Сосын ірі тұтынушыларға 10 мың Вольтпен, ал шағын кәсіпорындарға 0,4 килоВольт энергия үлестіріледі.

10 блоктан құрылған станцияның ішінде барлық жағдай жасалыпты. Жылу тартылады, желдету мен салқындату жүйелері бар. Қауіпсіздіқ шаралары – ең бастысы. Сырттан бөгде адам кірсе немесе бір ұяшық істен шықса оның бәрі диспетчердің компьютерінде көрініс табады. Яғни, мұнда жұмысшының жүруі қажет емес. Ұяшықты ашу үшін міндетті түрде қуат көзін өшіру қажет. Есік рычагты басқаннан кейін ғана ашылады. Мұнда барлығы автоматтандырылған. 12 кәсіпорынның әрбіреуінің өз ұяшығы бар.Тұтынылған энергия мөлшерін де бас компьютерден көруге болады. Станса іске қосылысымен жергілікті кәсіпорындар энергиямен қамтылуда қиындық көрмейді.

Антон Федяев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы:

– Өндіріс аймағында орналасқан кәсіпорын басшылары үйлестіруші кеңеске осындай станция салу туралы өтініш жазған болатын. Олардың өтініштері қаралып, қабылданды. Қазір қалада екі аралық станса салынып жатыр. Мынаның құны 300 млн теңгеге жақын.

Нысан қараша айында іске қосылмақ.Құрылысшылар мен монтаждаушылар үлгеріп жатыр. Қазір стансаның маңы абаттандырылуда.
  Екінші үлестіруші станция Ніл Болатбаев көшесінде орналасқан. Нысанға 173,2 млн теңге жұмсалыпты. Қуаттылығы 3 мың килоВатт болатын стансаның құрылысы өткен жылы басталған екен. Қазір электрондық құрылғылары ретке келтіруде. Нысан қыркүйек айында қолданысқа тапсырылады.

Данаш Хамзина