Өнеркәсіп

Білікті техникалық мамандар тапшы



 

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында  техникалық білімді 4 оқу орны – 2 колледж бен 2 кәсіптік лицейде алуға болады. Оларда барлығы 650-ге тарта адам оқиды. Алайда өңір зауыттарында жүргізілген талдау жұмыстарының барысында әлі де мамандардың тапшы екендігі байқалған.

 Қайрат Бекенов, СҚО әкімінің орынбасары:
– Бүгінгі таңда «Петропавл ауыр машина жасау зауытында» – 27, «Киров зауытында» – 5, «Мұнаймашта» – 5 бос жұмыс орны бар. Мамандарды оқыту мен қайта даярлауға қанша қаржы бөлінгенімен, кәсіпорындарда жұмысшы мамандардың жетіспейтіндігін көріп отырмыз.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының орынбасары бұл мәселені кәсіпорындардың өздері туындатып отырғанын айтады. Өйткені тәжірибесі жоқ мамандар қызметке қабылдана қоймайды.

 Ольга Букина, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының орынбасары:
– Жұмыс берушілер тапсырысты белгілі мерзімге алғаннан кейін, оны уақытында орындау үшін біліктілігі жоғары мамандарды алғысы келеді. Бар гәп осыда. Жалпы алатын болсақ, қазіргі уақытта қалада 2 бағыт бойынша қайта оқыту жүргізіледі. Біріншісі – Петропавл қаласын дамыту бағдарламасы, ал екіншісі – «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Бұл бағдарламалар бойынша үстіміздегі жылдың соңына дейін қайта даярлау мен оқыту курстарынан 400 адам оқып шығады.

Дегенмен, оқу орындары мен өндіріс ошақтарының бірлескен жұмысының нәтижесі де жоқ емес. Жаңа дуалды оқыту жүйесінің тиімділігін кәсіптік лицейлер мен колледждердің директорлары ортаға салды.

 Анатолий Фурманюк, №2 кәсіптік лицей директоры:
– Петропавл қаласының №2 кәсіптік лицейінде техникалық мамандар даярланады. Соның ішінде бүгін станокшылар, темір ұсталары, электромонтажерлерге деген сұраныс басым. Олардың барлығы облыстың зауыттары мен кәсіпорындарында тәжірибеден өтеді.

Кәсіпорын жетекшілерінің сөзіне қарағанда, маман тапшылығы мәселесін шешуде бірлесіп жұмыс істеуді тоқтатпау керек. Ол үшін өндіріс орындары білім ошақтарына қанша маманның қажет екенін ертерек хабарландырса дұрыс дейді жиынға қатысушылар.

  Әспет Әбдірешова