Билік

Өңір басшысы облыс орталығында бірқатар нысандарды аралады

 

 

 

Алдымен өңір басшысы «Коммунхоз» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жуырда сатып алынған техникасымен танысты. Мекеменің қажеттіліктеріне биыл жергілікті бюджеттен 50 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген.

 Қайрола Ғалеев, «Коммунхоз» МКК директоры:
-Бұл техника қаланы уақытылы әрі сапалы тазартуға септесетін болады. Алдағы уақытта 2 МТЗ тракторын алуды жоспарлап отырмыз. 2 жылыжайға да қол жеткіздік. Мұнда 300 мың гүл өсірілді.  

 МТЗ-82 тракторы қамыс шабуға және жаяу жүргіншілердің жолын тазартуға арналған. Ал ЗИЛ көлігі көше мен гүлзарларды суаруға пайдаланылатын болады. Биыл сондай-ақ КАМАЗ, бульдозер және германдық «Керхер» техникалары сатып алынды. Өңір жетекшісінің назарына осы «Керхер» құрылғысының қалай жұмыс істейтіндігі көрсетілді.

   Кейін облыс әкімі Серік Біләлов «Петропавл су» АҚ-на ат басын тіреді. Бұл мекеме де биыл техникасын жаңартыпты. Өңір басшысы жуырда сатып алынған 6 жаңа көліктің мүмкіндіктерімен танысты. Серік Біләлов насос және қосалқы станцияда болды. Осы сынды жаңа нысандардың құрылуы қаладағы коммуналдық жүйедегі апаттық жағдайлардың азаюына септеседі дейді мамандар.

Серікбай Бекмағамбетов, “Петропавл су”АҚ бас энергетигі:
-Тұрғындарға таза ауыз су жеткізуді жақсарту бағытында тиісті шаралар жасалып жатыр. Халықты тіршілік көзімен қамту үшін бізге осы қосалқы станцияның құрылысына қаражат бөлінді.

Өңір жетекшісі жақын арада ашылған № 9 аймақтық полиция пунктіне де соқты. Мұнда 8 тәртіп сақшысы жұмыс істейді. Аталған пункт 21 752 тұрғынға қызмет етеді екен. Жуырда сатып алынған   су жаңа 4 скутер полицейлердің жұмысын жеңілдетпек.  
  Сондай-ақ облыс әкімі вокзал маңындағы саябақты абаттандыру жұмыстарымен танысты. Мұнда орнатылған фонтан халықты еріксіз өзіне тартады. Саябақтағы шаруа әлі аяқталмаған. Дегенмен алдағы уақытта бұл жер тұрғындардың көзін қуантатын көрікті орындардың біріне айналмақ.

 Айдана Демесінова