Қоғам

«Зекет» қоры мешітте ауызашар берді

Бұл күні мешітке келген діндестеріміздің қатары қалың болды. Ақшам намазын оқығаннан кейін жамағат дастарханға жайғасып, Аллаға шүкіршілік етті. Республикалық «Зекет» қорының облыстағы филиалы Алланың разылығы үшін ораза тұтқан жандарға ауызашар берді. Елімізде бұл қорды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ашқан болатын. Ондағы мақсат – республика мұсылмандарының зекеті мен түрлі пітір-садақаларының ұйымдастырылған түрде жиналуын және таратылуын жүзеге асыру болып табылады.

 Нұрлан Жұмабаев,  республикалық «Зекет» қорының облыстық уәкілі:

 

 -Бүгін «Зекет» қорының атынан ауызашар беріп отырмыз. Елдің ақсақалдарын, қажыларды, мешіттің алқа мүшелерін, кәсіпкерлерді шақырып, соларға дәм беріп отырмыз.

25 жыл қатарынан ауыз бекітіп, намазға жығылып келетін жерлесіміздің бірі – Зәуреш Мәкешова биыл да ораза ұстап жүр.

 Зәуреш қажы Мәкешова:

-Денсаулыққа өте пайдалы. Менің мына гипертония сырқатым болатын. Тіпті, осы қандай ыстық күндерде қан қысымым көтерілген жоқ.

Қасиетті Рамазан айында адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсе бастаған. Сондықтан, жаратушымыз міндет еткендей, осы айда ауыз бекітіп, жағымсыз іс-әрекеттерден тазарамыз дейді Қуаныш қажы Беркінбаев.

 Қуаныш қажы Беркінбаев:

Мен 1996 жылдан бері ораза ұстаймын. Алланың берген ризығымен аузымызды ашамыз. Болар, болған күнәларымызға кешірім сұрап, Аллаға мінажат етіп жатамыз.

Сондай-ақ, Рамазан айында қайырымды іс жасап, жетім-жесірлер мен тұрмысы төмен жандарға көмек көрсетіп, қол ұшын созу – Алланың алдында сауап болады дейді діндестеріміз.

Әсел Күшенғалиева