Мәдениет

Лагерьде демалушылар “Қара жорғаны” үйренді

Қазақ халқының “Қара жорға” биін үйренуге балалардың ынтасы үлкен. Олар “Арай” ансамблінің бишілерімен бірге әсем үйлескен қимылдарды келістіруге мейлінше тырысуда. Өйткені қазақ елінде туып-өскендіктен, қазақ халқының төл өнерін білуіміз қажет дейді Ксения Зайнутдинова.

  Ксения Зайнутдинова:
Барлығы қазақтың халық билерін білуі тиіс. Салт-дәстүр, әдет-ғұрыптан да хабардар болуымыз қажет деп ойлаймын. Бүгін лагерьге “Арай” ансамблі келіп, “Қара жорға” биін үйретіп жатыр. Өте әдемі би. Қимыл-қозғалыстары ұнайды. Сондықтан “Қара жорғаны” үйреніп алуды мақсат етіп отырмын.

Осылайша бұл балалар “Қара жорғаны” билеп жатса, басқа оқушылар қазақ халқының әнін салып жатыр. Отансүйгіштікке тәрбиелейтін “Атамекен” және “Туған жер” әндерінің сөздерін жаттау еш қиындық тудырмаған көрінеді.

Нұрсұлтан Бекмырзаев:
Қазақ әндерін үйреніп жатырмыз. Екі ән айттық. Бұл әндер Отан туралы. Оларды білуіміз қажет.

Сондақ-ақ бұл күні лагерьде демалып жатқан балалар “Менің Отаным – Қазақстан” тақырыбында жобаларын қорғап, қазақ тілінде дұрыс сөйлеу мәнері мен мәдениетін меңгерді. Осылайша шараны ұйымдастырушылар өскелең ұрпақтың бойында мемлекеттік тілге деген құрметті тәрбиелеп, отансүйгіштікке баулуды көздеген.

  Рахат Әзімбаева,  “Томирис” гендердік білім орталығының төрайымы:
Түрлі этностарға мемлекеттік тілді оқыту жобасы аясында лингвистикалық лагерь ұйымдастырылды. Оның екі кезеңі маусым, шілде айларында өтті. Енді тамыз айында “Достық” лагерінде фестиваль өткізіп жатырмыз. Мақсат – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, насихаттау, балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Ал кешке балалар күні бойы біліп-түйгендерін ортаға салып, үздіктері сыйлықтарға ие болды.

Айымгүл Әбілева