Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жастарды еңбекпен қамтуға “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы көмектесуде


 

Мамлют ауданында “Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасының 4 бағыты бойынша ауқымды істер атқарылуда. Соның бірі – “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы. Бұл жоба білімі бар, бірақ кәсібі жоқ жастарға көмектесуге арналған.Ердәулет Төлебаев қаладағы гуманитарлық-техникалық колледжде екі жыл оқыған. Кейін жұмысқа орналаса алмаған соң, мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгініпті. Наталья Овечкина да жас маман. “Қаржыгер” мамандығына оқыған Наталья “Жастар тәжірибесі” жобасының арқасында қазір бухгалтердің көмекшісі қызметін атқарады.

Наталья Овечкина, Мамлют ауданы жер қатынастары бөлімі бухгалтерінің көмекшісі:

Биыл ғана диплом алдым. Мамандығым бойынша кәсіп таба алмаған соң, газеттен жұмыспен қамту бөлімінің осы бағдарлама туралы жарнамасын оқыған соң, бірден бардым. Мені қабылдады. Мында маған еңбек еткен өте ұнайды.

Мемлекет тарапынан жалақы ретінде 20 700 теңге төленеді. Қол қусырып үйде отырғанша, азын-аулық қаржы тапқан дұрыс дейді жастар. Сондай-ақ, тағы бір маңызды жайт, егер осы жас мамандар берілген 6 ай уақыттың ішінде өздерін жақсы қырларынан танытса, тұрақты жұмысқа алынады. “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы бойынша Мамлют ауданына биыл республикалық бюджеттен 2 млн 974 мың теңге қаражат бөлінген. Соның әзірге 393 мыңы игеріліпті.

Азамат Биисов, Мамлют ауданы жұмыспен қамту орталығының инспекторы:

Жоспар толығымен іске асты. 16 адамға кәсіп таптық. Тілек білдірушілердің қатары көп, бірақ ең бастысы – жұмыссыздардың арасынан жетім және әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарды орналастыруға тырысамыз.

Мамлют ауданының жұмыспен қамту орталығының инспекторы Азамат Биисов қаржының жыл соңына дейін толығымен игерілетінін айтады. Жуық арада тағы екі түлек жұмысқа орналастырылады.

Данаш Хамзина