Қоғам

Жарты жылдағы жерге орналастыру жұмысы қорытындыланды

 

 

 2014 жылы Қазақстанның бірқатар өңірлері мен Астана қаласын жалғайтын ірі газ магистралі пайдалануға беріледі. Осы күні «Шығыс-Солтүстік-Орталық» мангистралды газ құбыры өтетін жер аумағы белгіленді. Оған өңіріміздің бірқатар аудандары да кіргізілген. Сондықтан мангистралды газ құбыры өтетін жер аумағын белгілеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бүгінге дейін жұмыстың 90 пайызы еңсерілген.

Марат Қасенов, «Мемлекеттік Жер ресурстары және жерге орналастыру ҒӨО» СҚ ЕМК директоры:
– Магистралды құбыр өңіріміздің Тимирязев, Шал ақын, Айыртау және Тайынша аудандарының аумағынан өтетін болады. Бұл жобаны дайындауға 42 млн тг бөлінді. Оның 50 пайызы игерілді.

Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында қазақстандықтардың өмір сапасының жақсаруына үлкен мән берген. Осы сынды ірі жобалар бұл мәселені шешуге септеседі дейді Марат Қасенов. Ірі магистральға қажетті аумақтарды белгілеуден өзге, жер ресурстары және жерге орналастыру мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығы 6 ай ішінде жер учаскелерінің 5 мыңнан астам жеке құжатын әзірледі. Осылайша, жартыжылдыққа межелеген жоспар толығымен орындалды. Жылдың аяғына дейін де ауқымды шаралар атқарылмақ.

Марат Қасенов, «Мемлекеттік Жер ресурстары және жерге орналастыру ҒӨО» СҚ ЕМК директоры:
Жақын арада Петропавл қаласының аэрофототүсірілімін әзірлеп, облыс орталығының картографиясын жасап бітіруіміз қажет. Бұл үшін 8 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Сондай-ақ ауыл шаруашылық тауар өндірушілер тарапынан түсіп жатқан өтініштері бойынша бірқатар жұмыс атқарылады.

Жалпы 2012 жылғы Мемлекеттік тапсырыс аясында аталған мекемеге 111 млн теңге бөлініпті. Жыл аяғына дейін жоспар 100 пайызға орындалады дейді кәсіпорын директоры.

Айдана Демесінова