Қайырымдылық

“Баланы мектепке даярлайық” қайырымдылық шарасы

“Баланы мектепке даярлайық” акциясын “Нұр Отан” партиясы үшінші жыл өткізіп отыр. Оның аясында көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға оқушыларын мектепке дайындауға жәрдем көрсетіледі. Биыл да әр облыста көмек қабылдау пункттері ашылып, жүздеген қайырымдылық шараларын өткізу көзделген.

Самат Жәкенов, “Жас Отан” ЖҚ СҚФ атқарушы хатшысы:
Елімізде “Нұр Отан” партиясының бастамасымен “Баланы мектепке даярлайық” акциясы бастау алды. Мақсат – балаларын бірінші қыркүйекке дайындауға мұршалары жоқ ата-аналарға көмек көрсету, бүлдіршіндердің мәселесіне қоғамның назарын аудару. Біздің облыста да көмек қабылдау пункттері ашылды. Түрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады. Жиналған қаражат оқушыларды мектепке әзірлеуге жұмсалады деген үміттеміз.

Өткен жылы акция шеңберінде облыста мыңнан астам мектеп жасындағы балаға көмек көрсетіліпті. Ұйымдастырушылар қайырымды тұрғындарды, кәсіпкерлерді игі шарадан шет қалмауға шақырады. Өкінішке қарай, қайырымдылық жасауда шағын бизнес өкілдері белсенді болса, ірі кәсіпорындар, банктер немқұрайлық танытады екен.

Сайран Хамзин, қалалық мәслихат депутаты, “Риэлт-сервис” компаниялар тобының бас директоры:
-Біздің компания бұл акцияға жылда қатысады.
Отыздан астам бүлдіршінді мектепке даярлауға көмектестік. Мұндай игі шарадан шет қалмау керек деп есептейміз. Әсіресе, Рамазан айында қайырымды істер жасау әрбіріміздің парызымыз.

“Баланы мектепке даярлайық” қайырымдылық шарасы қыркүйектің бірінде дейін жалғасады.

 

Айымгүл Әбілева