«Мектепке жол» акциясы

Қайырымдылық

13:50 1 Тамыз 2012



 Бесінші республикалық «Мектепке жол» акциясы бұл жолы «Жақсылық істеуге асығыңыз» ұранымен бастау алды. Осы орайда қаламыздың кеңсе тауарларын сататын дүкендерінде қайырымдылық жәшіктері орнатылады. Оған облыс орталығының тұрғындары ата-ана қамқорынсыз қалған, жағдайы төмен отбасында тәрбиеленетін және мүгедек балаларға көмек ретінде мектепке қажетті жабдықтарды сала алады.

Нұрболат Бикенов, СҚО білім басқармасы бастығының орынбасары:

-Жалпы СҚО бойынша 10 мыңға жуық ата-ана қамқорынсыз қалған оқушылар бар. Барлық облыс бойынша қамтылған тізім бойынша балаларға көмек қаншалықты көрсетілгені тамыздың 20-сы белгілі болады.

Гуманитарлық көмек жәшіктерін облысымыздың барлық аудандарында орналастыру көзделген. Сонымен қатар, оқушыларға өңіріміздің қалталы азаматтары да жәрдемдесуге әзір. Өткен жылы кәсіпкерлер 40 млн теңге жинап, нәтижесінде он жарым мың балаға материалдық көмек көрсетілген.

Владимир Литвиненко, СҚО балалардың құқығын қорғау жөніндегі департаментінің директоры:

– Акцияға 6,5 мың адам атсалысып, өңіріміздің ата-ана қамқорынсыз қалған, жағдайы төмен отбасыларындағы балаларға көмек көрсетілді. Бір қуантарлық жайт, шара барысында үкіметтік емес ұйымдар мен жеке кәсіпкерлер көмек қолын созды. Биыл бұл көрсеткіштің арта түсеріне кәміл сенемін.  

Кеше ғана «Жұлдызай» корпоративтік қоры Соколов жетім балалардың арнайы мектеп-интернатында тәрбиеленуші балғындарға мектеп жабдықтарын сыйлаған. Баспасөз мәслихатында сонымен қатар  жазғы демалыс мезгілінде мектеп жасындағы балалардың түнгі уақытта бақылаусыз жүруі де сөз болды. Сондықтан, «Мектепке жол» акциясы шеңберінде полиция қызметкерлері рейд шараларын жүргізуді көздеп отыр.

Әсел Күшенғалиева