Ауыл шаруашылығы

Төрт ел ғалымдары ынтымақтастық туралы меморандум жасады

 

Отандық аграрлық ғылымды дамытуға соңғы жылдары айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Жыл сайын ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, материалдық-техникалық базаны нығайтуға 6 млрд. теңгедей қаржы бөлінеді. Бұл жұмыстың нәтижесі де жоқ емес. Қазақ ғалымдарының өндіріске енгізіп жатқан жаңалықтары баршылық. Мәселен, ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптарын шығару бағытында үлкен жұмыс тындырылыпты.

Серік Кененбаев, “ҚазАгроИнновация” АҚ басқарма төрағасы:
– Осыдан 5-6 жыл бұрын біздің отандық ғалымдардың шығарған сорттары егістік аумағының 20% ғана алған екен. Қазір біздің шығарған жаңа сорттарымыз 40% жетіп отыр.

Аграрлық ғылымның тиімділігін арттыру үшін отандық ғалымдар шетелдік әріптестерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Өзара ғылыми жаңалықтарымен бөлісіп, ауыл шаруашылығындағы мәселелерді шешуде күш біріктіруге көңіл бөледі. Мәселен, солтүстікқазақстандықтар мал шаруашылығын дамытуда шетелдіктердің тәжірибесіне жүгінуге мүдделі.

Қанат Мыңжасов, “Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты” ЖШС бас директоры:
Қазір шетелден 72 мың ірі қара әкелуді жоспарлап отырмыз. Біздің облыс биыл 12 мың ірі қара әкеліп отыр. Ғалымдар көмек беріп жатыр. Шетелге бірге барып, малды әкелуде. Көрші Ресеймен эмбриондарды трансплантациялау бағытында жұмыс істейміз.

Мал шаруашылығын дамытуға бүгінгі күні елімізде үлкен мән берілуде. Бұл ресейліктердің үлкен қызығушылығын тудырған. Олар алдағы уақытта серіктестік орнатуға ниетті.

Иван Храмцов, Сібір ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, Ресей:
-Қазақстанда мал шаруашылығын дамытуға зор көңіл бөлінуде.
Бұл дұрыс шешім. Өйткені  ауыл шаруашылығының осы саласын дамытудың маңызы айырықша. Солтүстік Қазақстан облысында бұл бағытта үлкен жұмыс тындырылып жатыр екен. Алдағы уақытта әріптестіктің бағыттарын айқындап, сіздермен бірлесе жұмыс жасауға әзірміз.

Сонымен Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Болгария ғалымдары агроөнеркәсіп кешеніндегі мәселелерді шешуде бірлесе жұмыс жасап, өзара тәжірибе бөлісуге ынталы. Екі күндік конференция қорытындысы бойынша әріптестік жөніндегі меморандум жасалды. Оның шеңберінде атқарылған шаруа келесі жылы Ресейдің Новосібір қаласында өтетін он алтыншы халықаралық конференцияда таразыланбақ.

Айымгүл Әбілева