ТКШ

Қызылжар ауылдық округі жылыту маусымына дайын



 

9 жылдық білім беретін Подгорное мектебіне биыл 35 жыл толған. Ағымдағы жылы кәсіпкерлер мен көмек қолын созған беделді азаматтардан 100 мың теңге қаражат жиналыпты. Бұл ақша бояу, түсқағаз жапсыру, әрлеу жұмыстарына жұмсалыпты. Білім ордасында 44 оқушыға 15 мұғалім, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сабақ береді.
Мектептің шағын мұражайы да бар. Онда негізінен қазақтың ұлттық аспаптары, тұрмыстық заттар қойылған. Сонымен қатар осыдан екі жыл бұрын балғындарға арналған “Айналайн” шағын орталығы ашылыпты. “Балапан” мемлекеттік бағдарламасының арқасында жаңа жиһаздар алынған. 15 орынға шақталған орталықта балалар мектепке дейінгі тәрбие алады.

Елена Топчей, “Айналайын” шағын орталығының тәрбиешісі:
Біздің шағын орталық 2010 жылы ашылған болатын. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында осы жерге қажеттінің бәрін алдық. Біздің мектептің алдындағы балалар алаңқайы да жеке кәсіпкерлердің арқасында ашылған болатын. Жөндеу жұмыстарына аудандық білім бөлімі де қолқабыс беруде. Бұл шағын орталық та қысқы маусымға дайын.  

Мектептің шатыры тозған. Жыртығын жыл сайын жамаймыз, бірақ нәтиже көңіл көншітерлік емес дейді мұндағылар.

Есенбек Менжасаров, Подгорное негізгі мектебінің директоры:
Биыл біздің мектепте жөндеу жұмыстарын аяқтадық. Мұғалімдер мен оқушылар және құрылтайшыларымыз көмектесіп тұрады. Шатырларды ауыстыруға көмек жасаса, бәрін істеуші едік.

Қызылжар ауылдық округіне қарасты 3 мектеп бар. Подгорное, Чапаевка, Приишимка. Бұл білім ордалары қысқы маусымға сақадай сай. Отынмен қамтылып, көмір әкелініп жатыр. Қызылжар ауылдық округін 2517 тұрғын мекен етеді.Мұндағы үйлердің бәрі қысқы маусымға әзір.

Қайыржан Қалықов, Қызылжар ауылдық округінің әкімі:
Қызылжар ауылдық округіне қарасты алты ауыл бар. Келісімшарт бойынша көмір тасылып жатыр. Барлығы аудандық бөлім арқылы келісім шартқа отырып ала алады. Әрбір үйге текшесі 3,500 теңге келісім бойынша отын әкелінуде. Отын, көмір жағынан ешқандай қиыншылық жоқ.  

Былтыр бұл ауылды көптен бері мазалаған су мәселесі де шешіліпті. Енді тұрғындар тіршілік көзін алыстан арбаламайтын болды.

Гүлбану Ахметова