Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Богатырский продукт» жабдықтарын жаңартуда

 

 

Қазіргі кезде «Богатырский продукт» ЖШС – Солтүстік Қазақстан нарығындағы жартылай дайын өнімдерді шығарудан жетекші кәсіпорындардың бірі. Бүгінде мұнда 40-тан  астам өнім түрі өндіріледі. Соның ішінде көптің сұранысына «Бесбармақ» кеспесі ие. Автоматтандырылған құрылғы қамырды өзі илеп, жайып, ұсақтап кеседі. Бұдан кейін кеспе 4 сағатқа пеште кептіруге жіберіледі. Ал дайын өнімді қапшықтарға кәсіпорындағылар әзірге қолмен салады. Қажетті құрылғыны сатып алу жоспарда бар. Серіктестік мемлекеттің көмегіне алғаш рет 2010 жылы жүгініпті. Олар несиеге 100 млн теңге алған. Берешекті қайтаруға мемлекет көмектесті. Қаржыға кәсіпорын  «МАС-600» заманауи құрылғысын сатып алды. Оның қуаты тәулігіне 10 тонна макарон өндіруге жетеді.

 Алена Глущат, «Богатырский продукт» ЖШС цехінің шебері:

– Алдымен елеуіштен ұн қамыр былғауышқа түседі. Автоматты режимде араласады. Кейін суыту аппаратына түседі.

Өндіріс орны өнімнің 20-дан астам түрін өндіреді. Бүгінгі таңда кәсіпорынның өнімдері ел нарығында өзіне тиесілі орнын алды.

 Анатолий Лукашев, «Богатырский продукт» ЖШС директоры:

– Тауар тек Петропавл қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысына ғана емес, Астана, Көкшетау, Павлодар, Қостанай қалаларына да жеткізіледі. Қазіргі таңда батыс өңір – Атырау, Ақтау, Ақтөбе шаһарларына және Оңтүстік Қазақстан нарығына шығуды көздеп отырмыз.

Алдағы уақытта серіктестік «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының көмегімен  мұздатқыш орнатылған 2 автокөлік алуды жоспарлап отыр.

Әсел Күшенғалиева