Бизнес және экономика

Бір топ кәсіпкерлерге несиені өтеуге қолдау көрсетілді

 

 

“Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы кәсіпкерлер үшін үлкен көмек. Сондықтан олар мемлекет қолдауын пайдалануға асық. Мамлют ауданының кәсіпкері бағдарлама бойынша несиенің пайыздық үстемеақысын субсидиялауға үмітті. Жиһаз шығаратын “ПромСтройМебель” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы “Нұр банктен” 14 пайыздық мөлшерлемемен несие алған. Мемлекеттің қолдауы болса, кәсіпкер оның 7 пайызын ғана төлейді.

Нина Рябцева, “ПромСтройМебель” ЖШС есепшісі:
-22 млн. теңге несие ресімдеген болатынбыз. Бұл қаражатқа шикізатты тасымалдауға қажет жүк көліктерін сатып алдық. Өңірлік үйлестіру кеңесіне несиенің пайыздық үстемеақысын субсидиялау үшін өтініш бердік. Қабылданады деген үміттеміз. Бұл бізге үлкен көмек болмақ.

Айту керек, бағдарламаның нақ осы несиенің пайыздық үстемеақысын субсидиялау бағыты бойынша мемлекет қолдауын иеленуге үмітті кәсіпкерлер қатары қалың. Бұл жолы өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына 14 өтініш түскен.

Қайрат Бекенов, облыс әкімінің орынбасары:
-Бүгінде мемлекет қомақты қаражат бөліп отыр. Оны бизнесті қолдауға тиімді жұмсау қажет. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі керек. Бағдарламаға қатысуға мүмкіндігі бар кәсіпкерлермен тиісті деңгейде жұмыс жасалуы тиіс.

Отырыста сондай-ақ бағдарламаның өндірістік инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша 3 өтініш қаралды.

Айымгүл Әбілева