ТКШ

Қала үйлері жаппай қысқа қамдануда

 

 

Интернационал көшесі, 32 мекен-жайы бойынша қысқа әзірлік жұмыстары басталғалы біраз болған. 48 жыл бұрын бой көтерген   60 пәтерлі үй талайдан жөндеу көрмеген. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы мұндағыларға үлкен көмек болды. Осылайша үйдің шатыры ауыстырылып, подъездерге терезелер орнатылды. Қасбеті де боялды. Барлығы бұл жұмыстарға 17 миллион теңге жұмсалыпты. Людмила Демидова басқаратын “Березка”  пәтер иелері кооперативіне барлығы 7 үй қарайды екен. Төрайым баспаналарды біртіндеп қыс маусымына әзірлеп жатырмыз дейді.

 Людмила Демидова, «Березка» ПИК төрайымы:
– Биылғы жылы бізде жаңа жылыту маусымына дайындық жақсы жүріп жатыр. Бүгінде біз 4 үйді «Жылу жүйелері» кәсіпорнына тапсырдық.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша 1,5 миллион теңгеге жылу құбырларының 60 пайызы ауыстырылып, бойлер жөнделді. Несиені қайтаруға зейнеткерлерге көрсетілетін көмек те үлкен.

 Людмила Демидова, «Березка»  ПИК төрайымы:
– Интернационал көшесі, 32 мекен-жайы бойынша зейнеткерлердің 50 пайызы жеңілдікке ие болып, біреуі- 5000, біреуі -3000 төлесе, біреулеріне 200 теңгеден ғана шықты. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша Жамбыл көшесі, 105 мекен жайындағы үйде де жылу құбырларын жөндедік.
Оған 2 млн 680 мың теңге жұмсалды.

Қысқы маусымға дайындық жұмыстары қалған үш үйге де қажет. Алдағы уақытта “Березка”  ПИК қарамағындағы баспаналарға жылу есептегіш құралдарын орнату жоспарланып отыр.

Әспет Әбдірешова