Құқық қорғау органдары

Полицейлердің түнгі рейді

 

 

Дәмханалар мен сауық құру орындарына баруға жасөспірімдерге тыйым салынғанымен, түнгі уақытта қала көшелерінде оларды жиі кездестіруге болады. 17 жасар жасөспірім Шухов көшесіндегі аулалардың бірінде ұсталды. Үй тұрғындарының айтуынша ол үнемі терезе астында айқайлап, олардың мазасын жиі алатын көрінеді. Қараусыз жүген жасөспірім облыстық наркология орталығына жеткізілген. Дәрігер-нарколог өткізген сараптаманың нәтижесі бойынша оның спирттік ішімдік ішкені белгілі болды. ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 336-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, ата-анасына айыппұл салынды.
Тәртіп сақшылары облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің мамандары және дәрігер-наркологтармен бірлесе отырып көңіл көтеретін ойын-сауық орындарында рейдтік бақылау жүргізген. Екі күн ішінде балаларға темекі сатудың 6 фактісі анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды. 21 жасқа толмаған азаматтарға спирттік ішімдік сатудың 4 фактісі анықталды. Қоғамдық жерде ішімдік ішіп, мас күйінде жүрген жастарға 15 хаттама толтырылды. Полицейлер демалыс күндері өткізілетін рейдтік шараларға екпін беру керек деп отыр. Мұндай жұмыстар қылмыстардың алдын алуға септеспек.

Әспет Әбдірешова