Ауыл шаруашылығы

Ғалымдар аграрлық сектор мәселелерін талқылауда


 

Агроөнеркәсіп саласын бәсекеге қабілетті ету үшін аймақта ауқымды жұмыс тындырылып жатыр. Бұған мемлекеттің де қолдауы мол. Ғылым жаңалықтарын тәжірибеде пайдаланудың тиімділігіне өңір диқандары әбден көз жеткізді. Осының арқасында өңір агроқұрылымдары өткен жылы рекордтық көрсеткіш – 9 млн тоннаға жуық астық алды. Сол себептен аталған салаға инновациялық технологиялар барынша енгізілуде дейді жиынды ашқан облыс әкімі Серік Біләлов.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Үстіміздегі жылы облыста 7 млрд теңгеге 627 қазіргі заманғы жаңа техника сатып алынды. Сондай-ақ, 1,3 млрд теңгеге астық жинайтын 57 техника алынды. Өңірде қазір 52  астық қабылдау кәсіпорны бар. Енді оған қосымша биыл жаңа заманауи 5 элеваторды іске қоспақпыз.

15-ші Халықаралық конференцияға 4 елдің өкілдері жиналды. Қазақстан, Ресей, Болгария мен Моңғолия ғалымдары аграрлық ғылымның дамуы мен келешегін талқыламақ. Ресей ауыл шаруашылығы ғылымдарының академиясында 40 жылдың ішінде өсімдіктің 1 100 түрі шығарылыпты. Бұл сұрыптар құбылмалы ауа райы мен түрлі жағдайларға икемделген. Мал шаруашылығында 13 тұқым жасалған. Ғылыми-зерттеу орталығында малдардың өнімділігін арттыру үшін қант беріледі екен. Сондай-ақ, академия вице-президенті Александр Донченко кадр мәселесіне де кеңінен тоқталып өтті.

Александр Донченко, Ресей ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының вице-президенті:

– Біз жас мамандарды мектептегі жоғары сынып оқушылары арасынан таңдап аламыз. Олар Жоғары оқу орнына түскеннен бастап 4 жыл бойы біздің зерттеу институтында тәжірибеден өтеді. Мамандардың қалыптасуы үнемі бақылауымызда.

Бұл мәселе бізде де өзекті. Сол себептен мамандардың біліктілігін арттырып, қайта оқыту үшін тараптар алдағы уақытта тәжірибе алмаспақ.2007 жылы құрылған қазақстандық “ҚазАгроИнновация” АҚ-ң құрамында 23 ғылыми-зерттеу институы бар. Соның бірі – Бескөлде орналасқан ғылыми-зерттеу институты. Ақционерлік қоғам басқармасының төрағасы Серік Кененбаевтің айтуынша, аталған бағытқа республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі өскен. Биылдың өзінде тек зерттеулерге ғана 3,2 млрд теңге үлестірілген. Қазақстандық ғалымдар бүгінде 39 ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша селекциялық жұмыстар жүргізуде. Соңғы 3 жылда мемлекеттік сұрыптық сынаққа 182 сорт тапсырылған.

Серік Кененбаев, “ҚазАгроИнновация” АҚ басқарма төрағасы:

– СҚО мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында мал азығына арналған құнарлы шөп өсіру, шөптің сорттарын көбейту бағытында үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұған Үкімет тарапынан үлкен мән берілуде.

Сондақ-ай, ғалымдар 2 күн бойы агроөнеркәсіп кешенін ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету, ауылдық аймақтарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту, механикаландыру және аграрлық секторды тиімді ету мәселелерін талқылайды. Жиын соңында ғалымдар аграрлық секторды дамыту үшін жаңа идеялар мен нақты шешімдер қабылдайды. Сондай-ақ, осы отырыста облыс әкімі Серік Біләловке ауыл шаруашылығы ғылымдарының құрметті докторы аттестаты табыс етілді.

Данаш Хамзина