Аптадағы маңызды жаңалықтар

Энергетиктер тұрғындармен кездесті

 

 

“Севказэнергосбыт” ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы өткен жылы бекітілген. Оның аясында үстіміздегі жылдың бірінші қазанына дейін 9 млн. теңге игеру көзделіпті. Жұмыс жоспар бойынша жүріп жатыр дейді кәсіпорын басшылығы.

Мағауия Сағындықов, “Севказэнергосбыт” ЖШС директоры:
-Инвестициялық бағдарламаны қаржыландыру көзі – кәсіпорынның өз қаржысы болып табылады. 7 млн. теңгеден астам қаржыны коммуналдық төлемдерді қабылдау пунктін ашуға жұмсау жоспарланған. 1,5 млн теңгеге техника алу межеленіп отыр.

Сөйтіп, бірінші кезекте қаражат тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға жұмсалады дейді энергетиктер.Қазіргі уақытта 2013 жылдың инвестициялық бағдарламасы әзірленіп қойыпты. Келесі жылға да 9 млн. теңге жоспарланыпты. Айту керек, кездесуге келгендердің кәсіпорынның тарифіне қатысты қояр сауалдары болды. Мәселен, биыл қазанның бірінен сараланған тариф енгізу көзделіп отыр. Сөйтіп, есептегіш құрылғысы жоқ тұтынушылар пайдаланылған жылу қуаты үшін 20 пайызға артық төлейтін болады. Ал қондырғыны орнатпаған заңды тұлғалар үшін тариф тіпті 50 пайыз жоғары болмақ.

Нэлла Бабакехян, ҚР табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің СҚО бойынша департаменті директорының орынбасары:
-Үстіміздегі жылы табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің жылу энергиясына дифференциалдық тариф енгізу жөніндегі бұйрығы шықты. Бұл әдістеме бойынша шын мәнінде, жылу есептегіш құрылғы орнатқан тұрғындар қондырғыны қоймағандармен салыстырғанда аз төлейтін болады. Айту керек, халықты ақпараттандыру жұмыстары көп уақыттан бері жүргізіліп жатыр.

Бүгінде департаментте “Петропавл жылу желілері” және “Севказэнергосбыт” кәсіпорындарының тарифті көтеру жөніндегі өтініштері қаралып жатыр. Соңғы шешім тамыздың оны қоғамдық тыңдауда қабылданатын болады.

Айымгүл Әбілева