Спорт

Александр Винокуров – Олимпиада жеңімпазы

 

«Топтық веложарыстағы тамаша жеңісіңізбен құттықтаймын! Жолды жүріп өтіп, мықты қарсыластарыңызды басып озуға өзіңізге тән мақсаткерлік пен рухтың зор күші көмегін тигізді. Олимпиаданың алғашқы күніндегі айқын жеңісіңіз ел даңқын әлемге паш етті және отандық велоспорттың жоғары деңгейде екенін тағы да көрсетті.” Осылайша, Александр Винокуровты Лондон Олимпиадасындағы жеңісімен жеделхатта Ел Президенті құттықтады. Қазақстандықтар Олимпиадаға жеңу үшін келді және Винокуров – бұған айқын дәлел деп атап өтті арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов.

Темірхан Досмұамбетов, ҚР туризм және спорт министрі:
Елбасы Олимпиада алдында барлық спортшыларды қабылдап, игі тілектермен шығарып салды. Сөйтіп, Олимпиаданың бірінші күнінде осындай тамаша нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Бұл осыдан кейінгі жарқын жеңістерісіздің бастауы болып, қазақстандық спортшылар дүбірлі додада ел намысын абыройлы қорғайтындарына сенімдімін.  

Винокуров берілген қашықтықты 5 сағат 45 минут және 57 секундта бағындырған. Оның басты бәсекелесі Ригоберто Урана бір секундқа ғана артта қалыпты. Қола медальды норвегиялық Александер Кристофф жеңіп алған. 38 жастағы солтүстікқазақстандық  әлемдегі жетекші клубтардың бірі “Астананың” көшбасшысы 2011-дегі «Тур-де Франста» алған жарақатынан айығып, қай жаста болсаң да жеңіске жетуге болатынын дәлелдеді. Александр Винокуров өзі қуанышын жасырмайды. Өмірінде бұл Олимпиада ойындарының маңызы үлкен екенін айтады.

 Александр Винокуров, Олимпиада жеңімпазы:
– Бақыттымын, өте бақыттымын! Әрине, жеңіске жетемін деп үміттендім. Арманға жетуге болады, ол үшін сену керек, мақсатыңа жетемін деп ұмтылу керек, бүгін менің арманым орындалды. Мансабымның соңында жуан нүкте қойғаныма қуаныштымын. Түсімде ғана көретінмін мұндайды. Тіпті «Тур-де-Франста» медаль алсам – тамаша болар еді деп әйеліммен сөйлескенде айтып едім,  ал мында – алтын медаль!!!

Александр Винокуровтың бұл алғашқы олимпиадалық алтын медалі. Бұған дейін оның қоржынында 2000 жылы Сиднейдегі топтық сайыста жеңіп алған күміс медаль ғана бар болатын.

Құрметті петропавлдықтар!  

 

Бүгін, шілденің отызы, сағат кешкі тоғызда орталық алаңда жерлес велошабандоз Александр Винокуровтың Лондон Олимпиадасындағы жеңісіне арналған салтанатты митинг өтеді. Бұл оның Олимпиада ойындарында жеңіп алған тұңғыш алтын медалі. Осы оқиғаға орай солтүстікқазақстандықтарды өнер ұжымдары құттықтайды. Салтанат соңында театр алаңында мерекелік от шашу ұйымдастырылады.

Айымгүл Әбілева, Павел Притолюк, материал  «Рокет Медиа» халықаралық медиаорталығының көмегімен әзірленді