Құқық қорғау органдары

Сот орындаушылары бас қосты


 

Биыл сот орындаушылардың мойнында өткен жылғыдан қалған қағаздармен қоса ақтарылу керек 65 мыңнан астам құжат болған. Соның 23 838 -і тындырылса, 4 мыңы орындалмаған күйі қайта қайтарылыпты. Сот орындаушылар биылғы жұмыс былтырғыға қарағанда екі есеге артық болды дейді. Ең негізгі шешілмей отырған мәселе 27 мың адамның айыппұл өтемеуі. Көп жағдайда кейбір азаматтар бұл жайлы білмейді екен.

  Жайықбай Шалдарұлы, СҚО сот актілерін орындау жөніндегі департамент бастығының орынбасары:

– 11 мың теңге ІІД-ң қызметкерлері салған айыппұл, 7 мың жол полицейлерінікі, ал қалғаны салық комитеті мен санитарлық мамандардың бекіткен айып төлемдері.

Есіл ауданы бойынша сот актілерін орындау органының өкілдері айыппұлдардың тек 40 пайызын ғана қайтарыпты. Бұл нашар жұмыс деп бағаланды. Ал  Тимирязев ауданының сот орындаушылары тамаша нәтиже көрсеткен. Жалпы, Уәлиханов, М. Жұмабаев, Тайынша және Қызылжар аудандарындағы аймақтық бөлімдердің жыл басынан бері табысты іс атқарғандары ерекше аталып өтті. Жиын барысында кадр мәселесі де көтерілді. Жұмыс  өнімді болу үшін қатарға тағы да қызметкерлер қажет делінді. Бүгінде облыс бойынша барлығы 86 сот орындаушы қызмет етеді екен. Олардың жұмысына деген талап жоғары. Әрбіреуі айына 127 құжатпен айналысуы қажет.

Айжан Бимақанова, СҚО сот актілерін орындау жөніндегі департаментінің бөлім бастығы:

-Бірінші жартыжылдықта 74 қызметкер тәртіптік жауапқа тартылды, соның ішіндегі 15-сі аға сот орындаушысы болса, 59-ы сот орындаушылар. Сондай-ақ, бірқатар әріптестерімізге сөгіс жарияланып, ескертулер айтылды. Қызметінен төмендету мен жұмысынан шығарылу болған жоқ.

Енді  сот орындаушылар алдағы уақытта алимент төлеушілермен және айыппұлдарын өтемей жалтарған тұлғалармен жұмысты жалғастырмақшы.

Данаш Хамзина