“Ақ бидай – 2012 ” ашылды

Аптадағы маңызды жаңалықтар

16:09 27 Шілде 2012

Жиырма жыл бұрын Солтүстік Қазақстан жерінде халықтық спорт ойыны – “Ақ бидай” жарысы бастау алды. Енді бүгінде бұл спорттық сайыс – игі дәстүрге айналып отыр.  Ауылдағы спортты дамытуда халықтық ойындардың ықпалы зор болды деп атап өтті облыс әкімі Серік Біләлов.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Елбасының әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі – халықтың денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау. Бүгінгі спорттық іс-шара Лондон қаласында өтетін жазғы олимпиаданың ашылуымен тұспа-тұс келіп отыр. Құрметті жарысқа қатысушылар, спорт алаңына жеңіс, сәттілік тілеймін.

Үстіміздегі жылы ауылдарда 50 стадион салынып, қалпына келтірілген. Олардың бірі – “Ақ бидай” ойындарының ашылу салтанаты өткен Сергеевка қаласында. Спорттық сайыстар да осы жерде ұйымдастырылды.

 Анатолий Башмаков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Бүгін облыстың барлық аудандарының үздік спортшылары Шалақын жерінде жиналып отыр. Олар сайыстарда өздерінің спорттық шеберліктерін паш етеді. Тек қана спорттық дайындықтарын ғана емес, жалпы мәдениеттерін көрсетеді.

Шалақындықтар  бірнеше мәрте “Ақ бидай” облыстық ойындарының жеңімпазы атағын жеңіп алған. Аудан халқының 26 пайызы спортпен шұғылданады. Әлбетте, бұл көп емес, бірақ жыл өткен сайын олардың қатары артып келеді. Спортты серігіне айналдырғандардың бірі – Альбина Сабырова. Ол “Ақ бидай” ойындарында аудан намысын баскетбол сайысында қорғамақ.

 Альбина Сабырова, жарысқа қатысушы, Шалақын ауданы:
– Біздің ауданда үлкен мереке өтіп жатыр. Мен баскетбол сайысына қатысамын. Бұл спортпен 5 жыл айналысып келемін. Енді республика деңгейіндегі жарыстарға қатысқым келеді.

Спартакиаданың отын жағу құрметі шалақындық жеңілатлет Абылайхан Есләмовке бұйырды. Енді алда үлкен сайыстар күтіп тұр. Спортшылар өзара мықтыны анықтайтын болады. Әркім “Ақ бидай” жазғы спорттық ойындарында жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жүлделі орыннан көрінуге үмітті.

Вячеслав Барсуков, жарысқа қатысушы, Ғ.Мүсірепов ауданы:
-Тағы да “Ақ бидай” ойындарына қатысып отырғанымызға қуаныштымын. Мақсатымыз – жүлделі орындарды иелену. Дайындық жақсы, сайыс тартысты өтеді деген ойдамыз.

Анастасия Криворучие, жарысқа қатысушы, Шалақын ауданы:
-“Ақ бидай” ойындары жақсы өтеді деген сенімдеміз. Спортшылардың барлығы мейлінше әзірленген. Тек қана сәттілік!

Жалпы “Ақ бидай” ойындарында 1400-ге жуық спортшы күш таластыратын болады.

Айымгүл Әбілева