Энергетика

Инвестициялық бағдарлама бойынша жылу жүйелері жаңғыртылып жатыр



 

“Петропавл жылу желілері” кәсіпорнында қазіргі уақытта “Даму, қайта қалыпқа келтіру және техникалық қамсыздандыру” инвестициялық бағдарламасы жүзеге асуда. Бұл бағытқа 2 жыл ішінде 400 млн теңге қаржы жұмсалған. Көзделген мақсат іске асуда.

Андрей Калиничев, “Петропавл жылу желілері” ЖШС директоры:

-2011 жылы 164,3 млн теңге қаржыны игердік. Инвестиция көлемі жыл сайын артуда. Биыл 235,7 млн теңгеден астам ақшаны жұмсамақпыз. Соның жыл басынан бері 18 жарым млн теңгесін игеріп болдық. Жөндеуге қажет материалдардың жартысы жеткізілді, келісімдер жасалған. Қазір Брусиловский көшесіндегі   9 магистраль қалпына келтірілуде.

Үстіміздегі жылы инвестициялық қаржының негізгі бөлігі қайта қалыпқа келтіру мен техникалық қамсыздандыруға бағытталмақ. Кәсіпорын биылға ұзындығы 1000 метр желілерді оқшаулауды жоспарлап отыр. Ал келер жылы 27 насос станциясына кабель тартпақшы. Кәсіпорын директоры Андрей Калиничев былтыр шығын көлемі 105 мың гигокалорияға кеміді дейді, енді 2012 жылы тағы төмендеу күтілуде. Тұрғындардың сапаға қатысты айтылған шағымдар саны екі есеге азайған. Алайда, жиынға қатысушылар тарапынан әлі де болса көңіл толмаушылық байқалды.

  Александр Казанцев, қалалық мәслихат депутаты:

 -Сіздерде нақты жұмыс жасау кестесі бар ма? Өйткені, “Дарын” және “Лорд” мектептерінің маңы қазылып тасталған, айналасы қоршалған. Маған осы жөнінде тұрғындардан өте көп шағым келіп түсті. Олардың айтуынша жұмысшылар нысанда сирек болады екен.

Андрей Калиничев, “Петропавл жылу желілері” ЖШС директоры:

Брусиловский  көшесінде 2 бригада жұмыс істейді. Таңғы сағат 8.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін бірін-бірі ауыстырады. Демалыс-жексенбі күні. Түнде жұмыс істемейтініміз түсінікті. Біз заңға сәйкес еңбек етеміз, әрі жөндеуді уақытында аяқтаймыз деген ойдамыз.

Жиында құбырларды жөндегеннен кейін қазылып, сол бойы қалатын жолдардың жағдайы да айтылды. Андрей Калиничев қалпына келтіру жұмыстарын аяқтаған соң учаскелерді абаттандыруға уәдесін берді.
Данаш Хамзина