Мәдениет

Ашық аспан астындағы оқу залы

 

 

 

 Облыстық кітапхананың жанынан құрылған жазғы оқу залы шілденің 15-нен бері жұмыс істейді. Бүгінде мұнда келуші оқырмандар үшін таза ауда отырып кітап немесе қалаған әдебиетін оқу мүмкіндігі бар.

 Қайыржан Мәлікова, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың кітапханашысы:
–  Бұл оқу залын ашудағы мақсатымыз – біздің оқырмандарымыздың оқуға деген қызығушылығын ынталандыру және жастар мен оқушыларды оқуға тарту болып табылады. Яғни кез-келген адам кітапхананың оқырманы болса да, болмаса да оқырман билетінің болуы-болмауына қарамастан, өзінің қалаған кітап-журналын оқуға болады.

Диана Тимаева жазғы демалысын өзіне пайдалы етіп өткізіп жатқан бүлдіршіндердің бірі. Жазғы оқу залында ол тек кітап қана оқып қоймай, достарымен бірге түрлі ойындар ойнайтын көрінеді.

 Диана Тимаева:
Маған мұнда келген ұнайды. Өйткені біз бұл жерде көп қызықты әрі пайдалы нәрселерді үйренеміз. Әрі өзімізге жаңа достар табамыз. Мен осы жерден өзіме қажетті ағылшын тіліндегі оқулықтарды алып оқимын. Әсіресе маған жаңа сөздер үйреніп, таза ауада дем алған көңіліме жақты.

Мұнда оқырмандар үшін қажетті қызықты кітаптар мен газет-журналдар молынан. Негізінен жазғы оқу залы аптаның сейсенбі-жұма күндері күндізгі сағат 12-ден кешкі алтыға дейін жұмыс істейді. Ал сенбі күндері кешкі алтыдан кейін оқырмандар үшін фильм көрсетіледі.

Әспет Әбдірешова