Билік

Облыстық мәслихаттың алтыншы сессиясында өңір бюджеті нақтыланды



 

2012 жылға арналған облыстық бюджет қайта нақтыланып отыр. 1 млрд. 132 млн. теңге бірінші кезектегі міндеттерді шешуге бағытталмақ. Бүгінгі күні облыстық бюджеттің жоспарланған кіріс бөлігінің 448 млн. теңгесі қазынаға түсіп үлгеріпті.

Зиядден Молдағанапов, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
– Облыстық бюджетті нақтылау көздері болып келесі кірістер көрсетіледі:1. Қосымша кірістер, оларды салық департаменті  және қаржы басқармасының келісуі бойынша 1 млрд. 092,8 млн. теңгеге ұлғайту ұсынылып отыр; 2. 21,7 млн. теңге сомада төмен тұрған бюджеттерден қаражатты қайтару; 3.
Жергілікті атқарушы органның резервін 40 млн. теңгеге азайту; 4. Бұрын бекітілген ассигнованияларды қайта бөлу.

99,3 млн. теңге өңірде салынатын бірқатар әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарының жобалау-сметалық құжаты мен техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге жұмсалмақшы. Мұнымен қатар биыл облыс орталығында 3 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Олардың құрылысын аяқтауға 222 млн. теңге бөлінбек. Сондай-ақ білім басқармасына – 92 млн, денсаулық сақтау жүйесіне – 73 млн, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына – 117 және мәдениет пен ішкі саясатқа – 38 млн. теңге бағытталатын болады. Депутаттар облыстық бюджетке енгізіліп отырған бұл өзгерістерді мақұлдады. Сондай-ақ олар ауыл шаруашылығы жерлерінің ең төменгі мөлшерін бекіту жөніндегі жобаны да мақұлдады.

 Есенгелді Кәрібаев, СҚО жер қатынастары басқармасының бастығы:
-Жеке меншікке немесе ауыл шаруашылығында пайдалануға берілетін жер телімдерінің ең төменгі мөлшерін кемінде 1000 гектар шамасында бекіту ұсынылады. Бұл 2012 жылы қабылданған ауыл шаруашылыы жерлерін тиімді пайдалану жөніндегі тәртіпке негізделеді. Шетелдік заңды тұлғаларға 10 жылға уақытша пайдалануға берілетін жер учаскелерінің ең төменгі мөлшері де кемінде 1000 гектар болады.

Айымгүл Әбілева