Қоғам

Еңбек заңнамаларының сақталуы бақылауда


 

Петропавл қаласының прокурорлары құқық тәртібі мен заңдылықты нығайтуда ауыз толтырарлық нәтижелерге қол жеткізген. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың 6 айында прокуратура қызметкерлері еңбек қатынастарына байланысты 429 заңбұзушылықтың бетін ашқан. Уақтылы қолға алынған шаралардың арқасында еңбек заңнамасын бұзушылардан 62 млн теңге жалақы өндіріліп алынған.

Әлия Құсайынова,Петропавл қалалық прокуратурасы прокурорының көмекшісі:

-Прокуратура берген 10 нұсқама орындалып, 1 наразылық қанағаттандырылған. Сонымен қатар, 6 ұсыныс қаралды, 1658 шағымданушының конституциялық құқығы қорғалған.

Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында әлеуметтік-еңбек қатынастары мен жұмысшылардың құқықтарының сақталуына баса назар аударылды. Үстіміздегі жылдың басынан елімізде «Уақытылы еңбекақы» республикалық акциясы да бастау алған. Осыған байланысты бүгінде барлық қадағалау органдарында сенім телефондары жұмыс істеуде.

 Әлия Құсайынова, Петропавл қалалық прокуратурасы прокурорының көмекшісі:

– Аталмыш республикалық акция аясында әрбір қазақстандық қадағалау орындарындағы сенім телефондарына құқықбұзушылық анықталған жағдайда кез-келген уақытта хабарласа алады. Бұл әлеуметтік заңбұзушылықты уақтылы құрықтауда үлкен көмек болып табылады.

Прокуратура қызметкерлері алдағы уақытта да Елбасы қойған тапсырмаларды насихаттап, әлеуметтік заңнамалардың дұрыс орындалуын қадағалайтын боламыз дейді.

Әсел Күшенғалиева