Денсаулық сақтау

Астаналық дәрігерлер жергілікті әріптестерімен тәжірибе бөлісуде

 

 

 

Ұлттық медициналық холдинг мамандары өңірімізге облыс әкімінің арнайы шақыртуымен келген. 14 білікті дәрігер екі күн бойы тұрғындарды қабылдап, кеңес береді. Сондай-ақ холдинг мамандары солтүстікқазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасып, шеберліктерімен бөліспек.

Елжан Біртанов, “Ұлттық медициналық холдинг” АҚ басқарма төрағасы:
-Өңірлерге шығып, осындай акциялар өткіземіз. Екі күн ішінде біздің мамандар, профессорлар осындағы әріптестеріне мастер-класс, семинарлар өткізеді. Ең негізгі мақсат – білімімізбен, жаңа технологиялармен бөлісу.

Ұлттық медициналық холдинг құрамына 6 жаңа заманауи емдеу мекемесі кіреді. Жылына бұл орталықтарда отыз мыңнан астам адам ем алады. Холдингте жаңа технологияларды енгізуге үлкен мән беріледі. Мамандар жыл сайын елуге дейін инновацияны меңгереді екен.

Қадыр Омаров, “Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы” АҚ директорлар кеңесінің төрағасы:
Кардиохирургиялық орталықта бұрын Қазақстанда жасалмаған операциялар жасалады. Әсіресе,  жасанды жүректі трансплантациялау жасалып жатыр. Жас балаларға салып, олардың өмірін ұзарту үшін істеліп жатыр.

Ұлттық медициналық холдинг мамандары енді өз білгендерімен жергілікті дәрігерлермен бөлісуге әзір. Әріптестік холдинг пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының арасында жасалған меморандум аясында орнамақ.

Анатолий Ко, СҚО денсаулық сақтау басқармасының бастығы:
-Бұл меморандум аясында тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатамыз. Солтүстіказақстандық дәрігерлер ұлттық медициналық холдинг мамандарымен тәжірибе алмасып, біліктіліктерін арттырады. Өңір медицинасына жаңа технологияларды енгізуге зор мүмкіндік туып отыр. Бұл өз кезегінде халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жақсарта түсетіні даусыз.

Енді жергілікті дәрігерлер біліктіліктерін ұлттық медициналық холдингте шыңдау мүмкіндігіне ие. Мұнда жылына еліміздің өңірлерінен төрт жарым мыңнан астам маман оқытылады екен.

Айымгүл Әбілева