Денсаулық сақтау

Жазда жарақат алу көбейді

 

 

 

Жаз айлары балалардың сабақтан босап, бар ынта-көңілдері далаға ауатын шақ. Алайда жазғы демалыста ойынға беріліп, шат-шадыман болып жүрген балалар аяқ астынан жарақат алып жатады. Облыстық балалар ауыруханасының жарақат бөлімі 35 орынға шақталған. Бірақ дәл қазір мұнда 40 бала ем алып жатыр. 14 жасар Талғат Оразаев велосипедтен құлап, сол қолын сындырып алыпты. Енді ойнағанда сақ боламын дейді жасөспірім.

Талгат Оразаев:
– Мен ауылда болатынмын. Велосипед теуіп жүргенмін. қалай құлап қолымды сындарғанымды байқамай қалдым.

Талғаттың ауруханада ем алып жатқанына 6 күн болыпты. Бұл жасөспірімнің басқа балаларға қарағанда жарақаты жеңіл. Дәрігерлер ата-аналарға жазғы демалыс уақытында өз бүлдіршіндерін қараусыз қалдырмауды қатаң ескертуде. Әткеншекте ұшып, көшеде жүгіріп ойнап жүрген бүлдіршіндердің аяқ астынан құлап түсуі де әр түрлі дене жарақаттарына алып келеді. Миы зақымданып, бас сүйектерінің сынуы жиі кездесіп жатыр дейді дәрігерлер.

Асылхан Жағыпаров, жарақат және ортопедия бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы:
-Бас сүйек, ми жарақаты, бел, қол, аяқ, омыртқа, аяқ сүйектерінің сынуымен және де басқа да күйіктермен келіп жатыр. Жан сақтау бөлімінде де бірнеше бала жатыр, биіктен құлаған балалар.  

Дәрігерлер қыс мезгіліне қарағанда жазғы демалысқа шыққан балалардың жарақат алуы көп кездеседі дейді.

Гүлбану Ахметова