Ауыл шаруашылығы

Үкіметтің кезекті отырысында орақ науқаны және нан бағасы туралы мәселе талқыланды

 

 

Биылғы қуаңшылық салдарынан былтырғыдай мол өнім болмайды деп отыр мамандар. Болжам бойынша ел қамбасына 12 млн. 800 мың тонна астық түседі. Құрғақшылық негізінен Қостанай, Ақмола, Қарағанды және Ақтөбе облыстарын қамтыған. Республикада қурап кеткен 353 мың гектар егіс алқабы есептен шығарылмақ. Бүгінгі күні астық бағасы да өскен. Ішкі нарықта бидай құны шамамен 200 долларға дейін қымбаттапты. Бұл өз кезегінде кей өңірлерде ұн және нан бағасының көтерілуіне ықпал еткен. Қалыптасқан жағдайға байланысты Үкімет кешенді іс-шараларды қолға алмақшы. Өңірлерге астық белгіленген бағамен жеткізілетін болады. Тоннасы 28 мың теңге. Мұнымен қатар қуаңшылықтан зардап шеккен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге көмек көрсету жоспарланып отыр. Несиелерін өтеуге жәрдем жасалып, келесі егіс кезінде тұқыммен қамтамасыз ету жағы назарда болмақ. Бұған қоса малдың қысқы жем-азығын дайындауға да көңіл бөлініп, жеңілдетілген бағамен жанармай беріледі. Үкімет басшысы облыс әкімдеріне орақ науқанына дайындықты күшейтуді тапсырды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Бүгінгі күні ауа райына байланысты жағдай күрделі. Биыл егін жинауға 10-12 күнге ерте кірісеміз. Бұл науқанға дайындықты тиісті деңгейде жүргізу қажет. Биылғы жылдың астығын қабылдап алу жағына ерекше назар аудару керек. Бұған қоса бағаның негізсіз өсуіне жол берілмеуі тиіс. Осы мәселеге қатысты екі күн ішінде өңірлік комиссия құру қажет.

Биыл облыс диқандары орташа өнім жинап алады деп болжанып отыр. Шамамен гектар берекелігі 10 центнер болмақ. Биылғы қуаңшылық жағдайында егінді ысырапсыз жинап алу үшін уақытында қажетті шараларды қолға алу керек деді өңір басшысы.

Айымгүл Әбілева