Қоғам

Түмен облысымен ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды



 

Үстіміздегі жылдың өзінде Ресей Федерациясымен сауда айналымы 240 млн АҚШ долларынан асыпты. Ал экспорт 1,6 пайызға артқан. Біздің өңіріміз шекаралас Қорған, Омбы, Түмен облыстарымен тығыз қарым-қатынас орнатып отыр. Аймақтағы ірі өнеркәсіп ошақтарының ресейлік серіктес компанияларға жөнелтілетін тауарларының көлемі де біршама артқан. Бұл жолғы кездесу серіктестікті одан әрі нығайтып, нәтижелерді еселеуге бағытталып отыр.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Өткен жылы біздің делегация іскерлік сапармен Түмен облысына барған болатын. Нәтижесінде екі аймақтың серіктестігі жайлы меморандумға қол қойылды. Содан бері ірі жобалар іске асырылуда. Осы жолы да түрлі сала бойынша қарым-қатынас орнатуға зор мүмкіндік туды.  

Бір күн ішінде РФ Түмен облысының губернаторы бастаған делегация өңіріміздегі өндірістік, әлеуметтік және мәдени нысандарды аралады. Меймандар солтүстікқазақстандықтардың түрлі салалардағы жаңашылдықтарын байқап, мол тәжірибе алмасып отыр.

 Владимир Якушев, РФ Түмен облысының губернаторы:
– Делегациямыз  барған нысандардың бірі – «Тайынша астық» ЖШС болды. Мал кешенін жобалау және салу барысында Түмен облысының тәжірибесі қолданылғандығы қуантты. Дегенмен тың технологиялар меңгерілген. Біз де осыған қарап, жаңашылдықтарды өзіміздегі кешендердің құрылысында қолданатын боламыз.  

Ал екі аймақтың бұған дейін өзара байланыс орнатқан компаниялары тапсырыс көлемін ұлғайтпақ.

Елена Острягина, «Стеклотех» зауытының бас директоры:
– Біз сіздердегі Петропавл арақ-шарап зауытымен бұрыннан бері жұмыс істеп келеміз. Осы жолы жаңа желілер мен тауар түрлерін көбейту туралы ой бөлістік. Енді оны орындауға кіріспекпіз.

Кездесу соңында екі ел кәсіпорындары мен компанияларының ұсыныс-жоспарларын сауда-өнеркәсіп палатасының төрағалары жариялады.

Эдуард Абдуллин, Түмен облыстық сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы:
-Біз қалалық су каналымен насостарды жаңғырту және автоматтандыру бойынша жұмыс істемекпіз. «Тюмень Прибор» кәсіпорны «Петропавл жылу желілері» ЖШС мамандарымен кездесіп, өзара серіктестік орнатуды жөн санады. Сондай-ақ шыны және өзге де өнімдердің өндірісі бойынша әріптестік алға баспақ.

Нелли Кукушкина, СҚО сауда-өнеркәсіп палатасының төрайымы:
– Сауда-өнеркәсіп саласында біршама компаниялар серіктестік орнатуға ниет танытып отыр. Олардың тізімдері жасалып, ұсыныстары тақылануда. Бұдан әрі де екі жақтың сауда-өнеркәсіп палаталары бірлесе жұмыс атқармақ.  

Сондай-ақ кездесуде білім, денсаулық сақтау, сауда-өнеркәсіп палаталарының арасында өзара әріптестік жөніндегі келісімдерге қол қойылды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Кеден одағының құрылуы екі ел арасында өзара серіктестікті нығайтуға зор мүмкіндік берді. Бүгінгі кездесуде қол қойылған келісімдер де кең қарқынмен жүзеге асырылады деген сенімдемін. Ол үшін екі жақ та барын салмақ.

Владимир Якушев, РФ Түмен облысының губернаторы:
– Солтүстік Қазақстан өңірі заманауи технологияларға мол инвестиция салатындығын көріп отырмыз. Сондай-ақ бюджеттің көп бөлігі әлеуметтік салаға бағытталған. Ресей мен Қазақстан арасында саяси және достық қарым-қатынас бар. Түмен мен СҚО осы бағытты мықтап ұстанған.

Инеш Шоқақова