Ауыл шаруашылығы

“Қараөткел-2012” жәрмеңкесі омарташылар үшін сәтті болды

 

 

 “Пасека Қызылжар” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңірімізде ара шаруашылығын дамытуда сүбелі үлес қосып жүр. Бүгінде серіктестік 400 ұядан  20 тоннаға дейін бал өндіреді. Сөйтіп тек солтүстікқазақстандықтарды емес, еліміздің түкпір -түкпірін балмен қамтамасыз етіп жүр. Оған дәлел жақында өткен республикалық «Қараөткел-2012» жәрмеңкесі. Өңіріміздің омарташылары бұл жәрмеңкеге екі жыл қатарынан қатысып келеді. Биыл көрмеге серіктестік 2 тонна бал өнімін сатуға қойған. Келісі 1500 теңге. Елорда тұрғындары мен қонақтары өңірімізде өндірілетін өнімді жоғары бағалапты. Көрмеге ұсынылған балдың тең жартысы сатылып, серіктестік 500 мың теңге табыс көрген.

Олег Гаврилов, СҚО омарташылар қауымдастығының төрағасы:
Жәрмеңке 27 шілде өткен болатын. Мұндай көрме жиі ұйымдастырылып тұрса біз сияқты шаруашылыққа өте пайдалы, алған өнімді шығаруға да септігі тиеді. Бүгінгі күні балды өзіміздің сауда орындарына сатуға қоямыз. Биыл 50 гектар түйебұршақ еккен болатынбыз. Аралардың азығын дайындап, маусым айында 40 тонна бал жинап алдық.

Бүгінгі күні серіктестікте 7 омарташы жұмыс істейді. Архангелькада аралардан омарташылар қарақұмық балын алады. Негізінен облысымызда балдың екі түрі өндіріледі. Түйебұршақ пен қарақұмық. Серіктестік тұрақты омарта ашуды да жоспарлап отыр.

Олег Гаврилов, СҚО омарташылар қауымдастығының төрағасы:
Біз бір орыннан екінші орынға көшіп жүрмеу үшін осы тұрақты омарта ашпақпыз. Бұл істі келесі жылы жүзеге асырмақпыз. Сонымен қатар араның бірнеше түрін дамытуды да жоспарлап отырмыз. біздің өңірде араның карпат тұқымдасы басым. Ол жақсы бал береді.

Гүлдейтін өсімдік көп болса, балдың да түрі мол болмақ. Омарташылар бірнеше гектар жерге түйебұршақ пен қарақұмық еккен. Әлі де болса шаруа қожалықтарымен келісім- шартқа отырып, алқаптарды жалдап, ара азығын өсіруді қолға алмақ.
Дәл қазір  аралар өздерінің жұмыстарына қызу кірісіп кеткен. Ұяшықтарын балмен толтыру үшін ызыңдап ұшып жүр.

Олег Гаврилов, СҚО омарташылар қауымдастығының төрағасы:
із қазір араның ұяшығын тексеріп жатырмыз. Қанша бал жиналғанын көру үшін.  Көріп тұрғандарыңыздай әлі бал жинала қоймаған. 1 аптадан кейін дайын болады. Сонда арнайы аппараттың көмегімен балды сығып аламыз.

Олег Гаврилов ара шаруашылығын қолға алғанына 15 жыл болыпты. Ол араны Қырғызстаннан әкелемін дейді. Биыл  серіктестік өз шаруашылығындағы арлардан 5 тонна бал жинапты. Әлі жыл аяғына дейін тағы 15 тонна аламыз дейді омарташылар, бір ұя 50 кг дейін бал береді екен. Ара шаруашылығын дамыту үшін қазан айынан бастап 3 айлық оқу курсы басталмақ. Біліктілігін арттырған омарташыларға шаруаларын дөңгелентуге несие де беріледі.

Гүлбану Ахметова