Білім

«Кәсіптік-техникалық білім берудің үздік онлайн моделі»

 

 

Кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, мамандардың біліктіліктерін арттыру және оқу үрдісінде тың технологияларды қолдану – байқаудың көздегені осы. Көктемде жарияланған сайысқа қатысамын деушілерден 42 өтініш түсіпті. Алайда олардың ақпараттық технологияларды дамытып, инженерлік мамандықтарды оқытуға бағытталғандары ғана іріктелінген.

Айсұлу Сәрсенбекова, облыстық мұғалімдер біліктілігін арттыру институты әдістемелік кабинетінің меңгерушісі:
Ұсынылған модельдері логикалық жағынан қарастырылды. Және теориялық, практикалық маңызы талқыланды. Презентациясының шеберлігі мен сапасын қарастырдық.  

Маржан Рақымжанова Семей электротехникалық колледжінде 4 жылдан астам қызмет етеді екен. Сол кезден бастап өз шәкірттерін қызықты әрі танымдылығы мол материалдармен таныстыруға тырысады. Оның трансформаторлардың жұмысын зерттеуге арналған еңбегі үздік деп танылып, 150 мың теңге сыйақы табысталды.

Маржан Рақымжанова, Семей электротехникалық колледжінің оқытушысы:
Кітап жетіспегендіктен электрондық құралдарды көп қолданамыз. Оқушыларымыз көмектеседі. Бұған дейін де бір пән бойынша электрондық құрал мен кітап шықты.

Ал Солтүстік Қазақстан кәсіптік -педагогикалық колледжінің оқытушылары автокөліктің жұмысын жан-жақты талқылаған. Оның әрбір бөлігінің қызметін жекелей қарастырды десе де болады. Гүл Абалқасова мен Максим Яваровичтың жұмыстары 2-ші орынға лайық деп табылды.

Максим Яварович, Солтүстік Қазақстан  кәсіптік педагогикалық колледжінің оқытушысы:
Біз өз жұмысымызда 3 D анимацияларды қолдандық. Дәріс, тәжірибе, зертханалық жұмыстар. Осының бәрін қамтуға тырыстық. Студенттер үшін тұсаукесерлер арқылы сабақ оқу қызықтырақ болады деп ойлаймыз.  

Ал 3-ші орын Қарағанды политехникалық колледжінің оқытушысына бұйырды. Жеңімпаздар сыйақыларын өз жобаларын жетілдіруге жұмсауды жоспарлап отыр.

Инеш Шоқақова