Аптадағы маңызды жаңалықтар

Инвесторлар облыста бірқатар жобаларды жүзеге асыруға ниетті

 

 

Қазақстандық және шетелдік инвесторлар біздің облыста бірнеше инновациялық жобаны жүзеге асыруға ниетті. Ең ірісі –   мұнай өңдеу зауыты. Инвесторлар өндіріс орнын Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласында салмақшы. Кезінде бұл жерде мұнай базасы болған. Алғашқы кезеңде зауыттың қуаттылығы жылына 5 млн тонна, кейін бұл көрсеткіш 10 млн.-ға жеткізілмек. Кәсіпорынның құрылысы толыққанды 5 жыл ішінде аяқталады деп жоспарланып отыр.

Қажымқан Мәсімов,  “Қазэнергорегион” инвестициялық компаниясы” ЖШС президенті:
– Жобаны облыста жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Қазақстанда жоғары октанды бензин тапшылығы жасырын емес. Зауыт іске қосылса, бірінші кезекте ішкі нарық қамтамасыз етіледі.  

Джентао Юань, «XINGHUO» өнеркәсіп тобының бас директоры, Қытай:
-Мұнайды өңдеу арқылы бензин ғана емес, кейін мұнай -химия өнімдерін алу жоспарда бар. Біз бұл салада жоғары технологияларды пайдаланамыз. Оларды енді осы жобаны жүзеге асыру барысында қолдануды межелеп отырмыз.
Айту керек, зауыт өнімі экологиялық таза болады. Өндіріс евро5 стандартына сәйкес келеді. Яғни, табиғатқа залалы болмайды деген сөз.

Тағы бір серпінді жоба –   облыс орталығында эко – қала салу. Қала өз инфрақұрылымы бар толыққанды автономды болмақ. Инновациялық жоба Жұмысшы кенті ауданында жүзеге асырылмақшы. Оған 235 гектар жер бөлінеді.

Камария Сағындық, “Қазэнергорегион” инвестициялық компаниясы” ЖШС бас директоры:
Экоқаланы салуда инновациялық технологиялар пайдаланылады. Құрылыс саласы, энергетика, қалдықтарды өңдеудегі соңғы жетістіктер ескеріледі. Яғни, бұл қала толыққанды автономды болады. Балабақша, мектеп, аурухана, сауда орталықтары, демалыс, қызмет көрсету орындары болады. Жылу және электр желілері тартылады. Бірақ мемлекеттік инженерлік желілерден де бас тартпаймыз.

Жобаны еліміздің өзге өңірлерінде де жүзеге асыру жоспарланған. Инвесторлар мұнымен қатар облыс орталығында инновациялық балабақша салуды ұсынып отыр.

Йоже Мех, Қазақстандағы “Словения Үйінің” бас директоры:
“Хамелеон” инновациялық балабақшасын салуды Астана қаласында бастадық. Солтүстік Қазақстан облысында да осындай мектепке дейінгі білім беру мекемесінің құрылысын қолға алуға ниеттіміз. Заманауи балабақшада білім және тәрбие сапасы европалық талаптарға толық сай болады. Әлеуметтік нысанды бір жыл ішінде салып бітіруді көздейміз.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
“Хамелеон” балабақшасы – инновациялық жоба. Қысқа уақытта бой көтереді. Облыста балабақшалар жетіспейді. Бүгінгі күні кезекте 9 мыңнан астам бүлдіршін тұр. Сондықтан бұл жобаның біз үшін тиімділігі үлкен.

Қонақүй және спорт кешендері, кіші авиация нысандарын салуға қатысты жобалар да солтүстікқазақстандықтардың қызығушылығын тудырды. Өз жобаларын ұсыну мүмкіндігін де қалт жібермеді. Айыртау ауданында туризмді дамытуға жағдай бар. Тек инвестиция керек. Сонымен екі тарап та тығыз әріптестік орнатып, оның жемісін көруге ынталы.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
Жобалардың барлығы өзекті, маңызды. Оларды жүзеге асыруға екі тарап та мүдделіміз. Біз өз кезегімізде инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін қажетті іс-шаралардың барлығын қолға аламыз. Жұмыс тобын құрып, көмек көрсетуге әзірміз. 

Айымгүл Әбілева