Мәдениет

Фольклоршылар фестивалі

 

 

 

«Әлем халықтарының дәстүрі мен мәдениеті» фестивалі шілденің 1- 8 аралығында Францияның оңтүстігінде орналасқан Романс қаласында өтті. Бұл шара шілденің 9-13 елдің солтүстігіндегі Нормандия қалашығында жалғасты. Онда 9 елдің өкілдері өнер көрсетті. Өзге елдің азаматтарын қазақтың мәдениетімен таныстыру мәртебесі солтүстікқазақстандық өнерпаздарға бұйырды. «Әдемі-ау» би тобы, «Әлқисса» фольклорлық және «Дружные ребята» балалар ансамблі шеберліктерін көрсетіп, талғамы биік француздардың ыстық ықыласына бөленді.

Расима Сучкова, «Әдемі-ау» би ансамблінің көркемдік жетекшісі:
-Фестивальды тамашалау үшін ақша төлеу керек болса да зал көрерменге толық болды. Олар біздің концерттік нөмірлерімізді таңдана тамашалады. Сондай-ақ қала көшелерінде шеру ұйымдастырылды. Онда да халық көп жиналып, қызығушылық танытып,  барлық елдің мәдениетімен танысты.

Өнерлі жерлестеріміз қазақ халқының дәстүрімен француздар мен өзге де шетелдіктерді тамсандырып қайтты. «Беташар» рәсімін көрсетіп, мың бұралған бишілеріміз көрермен назарына ұлттық билерімізді ұсынып, қала көшесінде шашу шашқан солтүстікқазақстандықтар зор қошеметке бөленді

 Жанна Темірбаева, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының бас балетмейстері:
-Біздің концерттік бағдарламамыз француздардың жоғары бағасына ие болды. Бұл фестивальдың ерекшелігі – халыққа арналған. Яғни француз халқы өзге ұлттардың мәдениетімен, дәстүрімен жақынырақ танысты. Біз мектепке де барып, оқушылар
мәдениетіміз жайлы баяндадық, ұлттық билерімізді үйреттік.

Франция елінде мұндай халықаралық шара 15-ші жыл ұйымдастырылып келеді. Облысымыздың өнерпаздары оған бірінші рет қатысқан көрінеді. «Аққулар», «Жез киік», «Боз інген», «Бұраң бел», «Балбырауын» күйіне билеген жерлестеріміз француздардың көңілінен шығып, келесі жылы өтетін фестивальге шақырту алды.

 Айдана Демесінова