Аптадағы маңызды жаңалықтар

Түмендіктер Тайыншаға барды

 

 

Ең алдымен екі облыстың басшылары Тайынша қаласындағы “Юнивил” ЖШС ет комбинатына ат басын тіреді. Еттен басқа бұл жерде шұжықтың 200 түрі, сонымен бірге жартылай дайын өнімдер  өндіріледі. Заманауи неміс жабдықтары өндіріс қуаттылығын арттыруға септесуде. Комбинат жылына 9 мың тонна шұжық өнімдері мен деликатес, 15 мың тонна ет өндіріп шығарады. Меймандар өндірістің мүмкіндіктерімен және жұмысымен танысты.           Кейін қонақтар балалар өнер мектебіне соқты. Мұнда 3 бағыт бойынша 200-ден астам оқушы білім алады. Олар Түмен облысы губернаторының назарына қазақтың ұлттық биін ұсынды. Би Владимир Якушевтің көңілінен шықты. Домбыраның әуені де мейманның жүрегінен жол тапты.

  Түмен облысынан келген делегация Тайынша ауданындағы орталық аурухананың тыныс-тіршілігімен де танысты. Емдеу мекемесінің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңа құрылғылармен толығып отырады. Мұндағы жаңашылдықтардың бірі – медициналық карталардың орнына ақпаратты электрондық базаға енгізу болып табылады.

– Дәрігерлердің науқастарға көбірек көңіл бөлетіндігі қуантады. Бұған стационарлық және амбулаторлық қарталардың электронды нұсқаға көшірілуі септесіп отыр.  

Келесі кезекте 2 өңірдің басшылары жуырда қолданысқа берілген «Болашақ» бөбекжай- бақшасына аттанды. 280 орынға шақталған мекемеде 12 топ бар. Оның 5-уі қазақ және 7-уі орыс тілінде тәрбие береді.  Бұл ауданда қазіргі күні балабақша кезегінде тұрған бір де бір бала жоқ көрінеді, бүлдіршіндер толық қамтылған. 
  Делегация Ясная Поляна елді мекенінде орналасқан «Тайынша-Астық» ЖШС мал шаруашылығы  кешенінде де болды. Серіктестік ауылшаруашылық дақылдарын өндірумен және мал шаруашылығын дамытумен айналысады. Шаруашылықтың жалпы егістік алқабы 75 мың 500 гектарды құрайды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан мамандар жақсы өнім алуға үміттеніп отыр. Өндіріс орнында 4330 бас ірі қара бар. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов сүт өнімін көбейту үшін тиісті шараларды қолданған дұрыс екендігін атап өтті. Бұл мақсатта аталған серіктестікте жуырда құрама азық шығаратын цех іске қосылған екен.  Делегация қоныс аударғандардың мұражай-үйіне де ат басын бұрды. Мұндағы көне заттарға қарап, Владимир Якушев те өз өміріндегі қызықты оқиғаларды еске алды.

Владимир Якушев, Түмен облысының губенаторы:

-3-4 сыныпта оқып жүргенде атама қонаққа келгенімде осындай  ойнатқышты көріп едім .

Сондай-ақ Түмен облысынан келген қонақтарға мұражайға жақын орналасқан ретро-автомобильдер паркі көрсетілді.

Айдана Демесінова