Білім

Түмен делегациясы қазақ мектеп-гимназиясында болды

 

Түмендік делегаттар 2007 жылы 1100 балаға шақталып салынған қазақ мектеп-гимназиясын аралады. Гимназияда оқушының ұлттық, интеллектуалдық ой-өрісін кеңейту жұмыстары алға қойылған. Білім шаңырағында шәкірттер үш тілді меңгереді. Сонымен, қатар, эксперимент сыныптарында математика пәні ағылшын тілінде жүргізіледі.

 Гүлжан Жақанова, қазақ мектеп-гимназиясының директоры:

– Қазіргі таңда қазақ мектеп-гимназиясында 883 бала білім алуда. Үш тіл тереңдетіліп оқытылады. Орыс тілі орыс мектебінің бағдарламасы бойынша оқытылады. Сонымен қатар мектебімізде 2009 жылы шағын орталық ашылған.

Делегация құрамына Түмен облысы білім және ғылым департаментінің директоры, университет ректорлары енген. Түмендіктер гимназия жанында ашылған 50 орындық шағын орталықтың жұмысымен танысып, кейін мектеп өмірінен сыр шертетін мұражайды аралады. Сонымен қатар түмендіктер заманауи құрылғылармен жабдықталған биология кабинеті мен лингафон сыныптарын аралады. Мектептің мақтанышы саналатын тағы бір орталық – электронды кітапхана. Бұл жерде меймандар оқушылардың қаншалықты бұл жаңашылдықты меңгергендігін сұрап білді. Кейін делегаттар спорт кешенінде болып, шығыс жекпе-жегімен айналысатын каратешілердің, жеңіл атлетика және би секцияларының жұмыстарын бақылады.

Алексей Райдер, Білім және ғылым департаментінің директоры, Түмен облысы:

-Мұнда мектепке дейінгі тәрбие беру жағы дұрыс жолға қойылыпты. Мектеп ішіндегі шағын орталықтың жұмысы көзге бірден ілікті. Демалыс уақытында балалардың денсаулықтарын жақсартуға бағытталған шараларға да куә болдық. Үйренетін тұстары бар.  

Екі жақтың өкілдері де мұндай кездесулердің тәжірибе алмасуда маңызы зор екенін айтып отыр.

Әсел Күшенғалиева