Денсаулық сақтау

Ресейліктер кардиологиялық орталықты аралады

 

 

 

Өңіріміздегі кардиологиялық орталық осыдан 3 жыл бұрын ашылған болатын. Мұнда 52 дәрігер мен 160-тан астам мейірбике қызмет етеді. Меймандар денсаулық сақтау мекемесіндегі науқастарды емдеудің тың әдістерімен танысып, кардиология, анестезиология, жансақтау бөлімшелері мен ангиография кабинетін аралады. Сондай-ақ жергілікті дәрігерлер түмендіктерге жаңа ангиографтың жұмысын көрсетті. Бұл құрал сәулелердің көмегімен қан тамырларына ота жасауға арналған. Кардиологиялық бөлімшедегі биохимиялық зерттеу кабинеті де меймандардың назарынан тыс қалмады.

Раушан Валеева, кардиологиялық орталықтың дәрігер-лаборанты:
Біз аудан тұрғындарын да қабылдаймыз. Отаға дейін және отадан кейін науқастар дәрігердің жіті қадағалауында болады. Бірқатар арнайы сараптамалардан өткізіледі.

Қазіргі таңда орталықта жүрек-қан тамырлары дерттерін дер кезінде анықтап, емдеуге арналған 7 бөлімше бар. Орталық 205 адамға шақталған. Өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысы мен бұл саладағы жаңашылдықтар түмендіктерді ерекше қызықтырды.

Андрей Кудряков, РФ Түмен облысы денсаулық сақтау департаментінің директоры:
Біз СҚО-на осыдан 3 жыл бұрын келген болатынбыз. Сол кезден бері денсаулық сақтау саласы өзгергендігін көріп отырмыз. Жаңа емдеу тәсілдері мен заманауи құралдар қолданылады. Бұл, әрине, науқастардың сапалы ем алуына септігін тигізеді.

Инеш Шоқақова