Бизнес және экономика

Түмен делегациясы өкілдері өнеркәсіп орындарында болды


 

Түмендік делегация өкілдері өндірістік кәсіпорындарды да аралады. «Петропавл ауыр машина жасау» зауыты мұнай кеніштеріне қажетті қондырғыларды жасайды. Теміржол саласының да тапсырыстарын орындап жүр. Зауыт құрамына 19 өндірістік цех пен учаскелер кіреді, оларда технологиялық жабдықтардың 2000-ға жуық бірлігі жұмыс істейді. Түмендіктер зауыттың мүмкіндіктерімен танысып, болашақта әріптестігімізді тереңдете түсеміз дейді.

 Вадим Шумков, инвестициялық саясат пен мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау департаментінің директоры, Түмен облысы:

-Біз үшін өндірістік кәсіпорындардың жұмысы маңызды. Қазір Түмендегі кәсіпорындарда машина жасау, ағаш өңдеу саласында тың инвестициялық жобалар жасалуда. Алдағы уақытта солтүстікқазақстандық өнеркәсіп иелерімен  әріптестік  орнатуды қолға аламыз.

Зауыт басшылығы алдағы уақытты мұнай өндіру саласына қажетті бұрғылау қондырғысы мен ұңғыманы бірлесе отырып жасау мүмкіндіктері жөнінде жоспарларын ұсынды.

 Николай Васильев, «Петропавл ауыр машина жасау зауытты» АҚ директорының орынбасары:

-Мысалға айтатын болсақ жүккөтергіштігі сексен тонналық ұңғыма машинасын «Сібір сервис» орталығы пайдалануда. Қазіргі таңда ол жерде біздің бес машина жұмыс істеуде.

“Тюменьстальмост” кәсіпорнының  жұмысы да “Петропавл ауыр машина жасау зауытынан” кем түспейді екен. Өндіріс орны жылына орта есеппен 3000 тонна көлік және темір жолға қажетті құрал-жабдықтарды шығаруда. Кәсіпорын қуатын толық пайдаланады.

 Станислав Кушнаренко, “Тюменьстальмост” ЖШҚ бас директоры:

– Қуаттылығы жоғары өндіріс құрал жабдықтарын шығарамыз. Түрлі тапсырыстарды орындаймыз. Біздің зауытпен салыстырғанда “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” 4 жыл кейін ашылған. Дегенмен мұнда білікті мамандар жұмыс атқаруда.


Әсел Күшенғалиева