ТЖ

Орман өрттері

 

 

 

Соңғы үш айдың ішінде өңіріміздегі орманды алқаптардың отқа орануы жиілеп кетті. Көк шығып, жер кебісімен тілсіз жау 150 Га жасыл желекті құртып, 3 млн теңгеден артық залал тигізіпті. Тоғайларды жалмап кеткен табиғи апат облысымыздың 12 орман шаруашылығында орын алған.

 Ербол Бапашев, Қызылжар аудандық мемлекеттік орман шаруашылығының орманшысы:
– Біздің мекеме бойынша 2 Га орман жанды. “Север жас” шаруашылығының көктемгі шөбін жаққанның себебінен ағаш өрті болды.  

 Агроқұрылым жетекшілері биылғы көктемде ғана өткен орақ науқанынан қалған 2 млн тоннадан артық сабанды жағып жіберіпті. Мамандардың айтуынша өршіген қызыл жалын ағаштарға көшетін көрінеді. Қара түтіннен бөлінетін қышқыл зат қоршаған ортаны улайды. Бұндай келеңсіздікке жол бермес үшін табиғат сақшылары  төтенше жағдайдың алдын алу шаралары аздық етеді дейді.

Қанат Омаров, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары:
Осы жүйені бір тәртіпке келтіру үшін қоршаған ортаны қорғау министрлігіне хат жолдама жазып, өзіміздің ұсыныстарымызды білдіргіміз келеді. Бүгін мемлекеттік қызметкерлерді, жоба құрастырушыларды жинап ұсыныс жасау үшін бас қосып отырмыз.

Жиылғандар қалған сабанды үгітіп алқапқа шашу топырақтың құнарлылығын арттырады дейді. Шаруашылықтар тиімді шаруаны жасағылары келмейді. Көбі ол үшін арнайы құрылғы сатып алғанша жағып жіберген әлдеқайда жеңілірек деп санайды.

Қабиден Сәдуақасов, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы:
-Егерде өзге амалдары құрып жағатын болса қоршаған ортаға тигізген залалының орнын толтырсын. Өрт қауіпсіздігі шаралары сақталуы тиіс. Алқаптардың айналасы міндетті түрде құрғақ шөптен тазаланып, 4 метрге дейін ор қазылу керек. Бұл оттың жақын маңдағы ағаштарға көшпеуі қамында жасалынады. Осындай барлық ережелер кіретін арнайы экологиялық жоба құруымыз керек.  

Қоршаған ортаның сақтығына арналған жаңа жобаны күз айларына дейін құру көзделіп отыр.

Жеңіс Ермұқанов