«Халықтық ІРО» – қосымша табыс көзі

Аптадағы маңызды жаңалықтар

14:10 20 Шілде 2012



Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында халықтың әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын арттыруға ерекше мән берген болатын. Осы мақсатта «Халықтық ІРО» бағдарламасы жүзеге асырылуда. «Бұл мәселеде ешқандай бір атүстілік болмауы керек», -дейді Елбасы. Сондықтан акционерлендірілетін ұлттық компанияларға алдын ала тұрақты экономикалық және заңгерлік аудит жүргізілмек.

Жомарт Қажырақымов, “ҚР Ұлттық банкі” ММ СҚОФ директоры:
«Халықтық IPO» бағдарламасы туралы былтырдан бері айтып келеміз. Елбасының соңғы нұсқауы бойынша бұл процесс тездетіледі деп ойлаймын. Күзден бастап мемлекеттік компаниялар өз акцияларын халыққа сататын болады. Мұның экономикаға пайдасы зор.  

Алдымен бос жүрген капиталдар корпорацияларға құйылмақ. Екіншіден, бұл еліміздегі қор нарығының дамуына әсер етеді. Қазақстандықтар 5 млрд АҚШ долларынан астам қаражатты қаржы институттарында сақтауды жөн көрмепті. Яғни бұл ақша ел экономикасының дамуы үшін жұмыс істемейді. Сондықтан «Халықтық IPO» бағдарламасы ел азаматтарымен қатар мемлекетке де тиімді.

Жомарт Қажырақымов, “ҚР Ұлттық банкі” ММ СҚОФ директоры:
Акцияны сатып алған жағдайда акцияның өсуіне байланысты пайда табуға болады. Президент шағын акционерлердің корпорацияның дамуына әсер етуіне көңіл аударып отыр. Ұсақ акционерлер бірігіп, өздерінің өкілдерін шығара алады. Ол директорлар кеңесіне еніп, корпорацияны басқаруға әсер ете алады.

Дегенмен қаржыгерлер бағдарламаға қатысатын қаражатты қарызға немесе атаулы күнге жинап жатқан сомадан алуға болмайтындығын ескертеді. Өйткені қалай дегенмен тәуекел жоқ емес.

Инеш Шоқақова