Спорт

Солтүстікқазақстандық гір көтерушілер әлемдік додада үш рет жеңіс тұғырынан көрінді



 

Гір көтеруден өткен 5-ші бүкіл әлемдік “TAFISA” ойындарында Қазақстан намысын 12 спортшы қорғапты. Оның 3-еуі біздің солтүстік өңірден аттанған. Араларында жалғыз қыз Елена Костенко да бар. Елена 58 келі салмақ дәрежесінде 24 кг-дық гірді 75 рет көтерген. Сөйтіп, екінші орынға табан тірепті.

 Елена Костенко, спорт шеберіне үміткер:
– Мен денемді қалпына келтіру үшін спорттың осы түрін таңдадым. Өйткені гір көтеру бүкіл бұлшық етті дамытады. Сондықтан да алған бағытымнан қайтпаймын.

Михаил Вологодский болса, спорттың бұл түрімен 1 жылдан бері айналысып келеді екен. Осы уақыт ішінде спортшының қоржынына 13 медаль түскен. Ол да тартысты додада күміс алқаны еншілепті. Ауыр атлеттердің жаттықтырушысы Андрей Глывяк Қазақстаннан барған спортшылардың саны көбірек болғанда, бас жүлдені де жеңіп алар едік дейді.

 Андрей Глывяк, гір спортынан облысымыздың аға жаттықтырушысы:
– Бұл тартысты додаға барлығы 10 мемлекет қатысты.
Үш минуттық жаттығуда 9 команданың ішінен біздің құрама 2 орынға ие болды. Жалпы Қазақстаннан Астана,    Қостанай қаласының ауыр атлеттері мен біздің облыс қана барды. Жалпы спортшылар жақсы өнер көрсете білді.

Тартысты доданың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Ресей 1-орын, Литва 2-шісіне тұрақтап, үздік үштіктікті біздің елдің спортшылары тұйықтаған. Додада ҚР 4 дүркін чемпионы Виталий Диденко да бағын сынады. Спортшы гірді серпе және жұлқып 223 рет көтерген. Сөйтіп, алтын алқаны жеңіп алыпты.

Виталий Диденко, ҚР гір көтеруден еңбек сіңірген спорт шебері:
– Мен спорттың бұл түрінен көп жеңіске жеттім деп айта аламын.
Тек әлемнің бірнеше дүркін чемпионы атанып үлгермедім. Мен осы мақсатқа жету үшін алға талпынудамын. Жазғы жарыстарда рекордық көрсеткіштерге қол жеткіздім. Мұнымен әрине тоқтап қалмаймын.

Енді ауыр атлеттер Ыстықкөлде өтетін жарысқа дайындаламыз дейді.

Гүлбану Ахметова